19 нау, 2020 сағат 21:16

Коронавирус: Нұр-Сұлтан әкімдігі азық-түлік дүкендері иелерінің міндеттерін бекітті

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб азық-түлік дүкендері иелерінің міндеттерін бекітті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жедел штаб бұл міндеттерді қалалық әкімдіктің ресми сайтында жариялады.

Жедел штаб, атап айтқанда, азық-түлік тауарларын сататын азық-түлік сауда желілерінің, супермаркеттердің, шағын маркеттердің, тұрғын үйлердің жанындағы дүкендердің, сауда орталықтарының, сауда үйлерінің, базарлар жанындағы азық-түлік бөлімдерінің меншік иелеріне бірқатар міндет жүктеді. Нақтырақ айтқанда олар санитариялық және дезинфекциялық шараларды міндетті сақтай отырып, штаттық режімде объектілердің үздіксіз жұмысын жүргізуге міндеттелген. Сонымен қатар, қызметкерлерді жеке қорғаныш құралдарымен (медициналық бетперделер, перчаткалар және т.с.с), санитайзерлерді орнатып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына және бірінші қажеттіліктегі тауарларға бағалардың өсуіне жол бермеуі тиіс. 

Сондай-ақ, бір қолға қант, күріш, қарақұмық секілді өнімдерді 5 келіге дейін, күнбағыс майын 5 литрге дейін сатылуын шектеуі керек. Одан бөлек нан-тоқаш, кондитерлік өнімдерді, кептірілген жемістерді (жаңғақтар, өріктер, жүзім және т.б.) қапталған түрінде өткізуді қамтамасыз етуі керек.