Коронавирус инфекциясының таралу қаупіне байланысты еліміздегі сауда орындары жабыла ма? Бұл сұраққа Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Сауда нүктелерін жабуға қатысты әңгімеге келер болсақ, қазір бәрі де - базар да, өндіріс те жұмыс істеп тұр. Тауық бұрынғыша жұмыртқалап, сиыр баяғыдай сауыла береді. Наубайханалар жабылмайды. Сауда нүктелері де, сауда алаңдары да бұрынғыдай жұмысын жалғастыра береді. Міне, ешқандай дүрбелең туғызудың қажеті жоқ», - деді Бақыт Сұлтанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетсек, бұған дейін аталмыш баспасөз мәслихатында Бақыт Сұлтанов коронавирус инфекциясына байланысты супермаркеттер мен базарларда туындаған дүрбелеңге байланысты қазақстандықтарды сабырға шақырған болатын.