26 мам, 2020 сағат 15:44

Коронавирус инфекциясына тест тапсыратын адамдар санаты жарияланды

ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавирус инфекциясына тест тапсырудың жаңа талаптарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тестілеу тактикасы бізде үнемі өзгеріп отырады. Тестілеуге жіберілетін адамдардың санын арттырамыз. Сонымен бірге, қалыптасқан жағдайға қарай тест тапсырушылардың контингентін де өзгертіп отырамыз. 13 сәуірден бастап, науқастарды дер кезінде анықтау үшін профилактикалық тестілеу жүргізіп келеміз. Одан бөлек, тест тапсыратындарды үш топқа бөлдік. Бірінші топқа науқастар, онымен жақын және ықтимал байланыста болғандар, ЖРВИ, пневмониямен ауырғандар және медициналық қызметкерлер жатады», - деп түсіндірді бас санитарлық дәрігер ҚР Денсаулық сақтау миинстрлігінің Фейсбуктегі баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, профилактикалық тестілеуден өтуі тиіс адамдар екінші топқа енеді. 

«Профилактикалық тестілеуден кімдер өтуі қажеттігін анықтадық. Бұл топтың талаптары үнемі өзгереді. ТЖ кезеңінен шығарда қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін саладағы 60 жастан асқан барлық мамандарды тестілеуге жіберетін едік. Ал енді профилактикалық тестілеуге шет елдерден келген азаматтар, сосын медициналық қызметкерлер жіберіледі», - деді А. Есмағамбетова. 

Сонымен бірге, үшінші топтағы тестілеу эпидемиологиялық шолу мақсатында жүргізіледі. Бұл топта жоспарлы емделуге, жедел медициналық жәрдем үшін ауруханаға түсетіндер, жабық медициналық-әлеуметтік мекемелерге түсетін науқастар болады. 

«Сонымен бірге, жаңа Қаулы арқылы өңірлердегі бас санитарлық дәрігерлердің құзыретін өзгеріссіз қалдырдық. Олар эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша тестілеуге жіберілетін адамдарды белгілейді», - деді Айжан Есмағамбетова.