11 қыр, 2020 сағат 15:30

Коронавирус індетін екінші рет жұқтырған науқас тіркелген жоқ – ДСМ

Қазақстанда коронавирус инфекциясын екінші рет жұқтыру оқиғасы тіркелген жоқ. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстанда коронавирус инфекциясын екінші рет жұқтырған бірде-бір науқас тіркелген жоқ. Ондай ақпарат бізге келіп түспеді», - деді Б. Қожахметов Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның айтуынша, Қазақстанда 2 млн 600 мың ПТР тестілеу жүргізілген. Оның әр 26-шысы коронавирус инфекциясы бар деген нәтиже көрсеткен. 

Қазіргі уақытта Республика бойынша күніне 40 мың тестілеу жасау мүмкіндігі бар. Жыл соңына дейін оның саны 64 мыңға дейін көбейеді.