С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің пульмонология кафедрасының доценті, Медицина ғылымның кандидаты пульмонолог дәрігер Назима Зәрубекқызы пневмония мен коронавирус індетіне қатысты көпшілік арасында жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.
Назима Зәрубекқызы, ауруға шалдыққан адамдар өкпесінің қабынғанын білмей қалады немесе кеш біледі себебі неде?
– Коронавирус инфекциясы (COVID-19) – жедел жұқпалы ауру SARS CoV-2 коронавирусының жаңа штамы ауа-тамшылы және жанасу арқылы беріледі. Аты айтып тұрғандай SarsCOV 2 - «Severe acute respiratory syndrome-related» бұл жедел респираторлық синдромға байланысты дамитын әрі ауыр өтетін ауру.
Иә, бұл пневмонияны кейбір науқастар сезбей қалады, ол адамның иммундық жүйесіне, вирустың қаншалықты мөлшерде жұққанына, адам ағзасы вирустың болуына қаншалықты тез жауап бере бастайды соған байланысты. Ағзаға түскен соң бірнеше уақыттан кейін яғни, организм вируспен күресуді бастағанда, аурудың клиникалық белгілері көріне бастайды. Мұрын арқылы кірген вирус, жоғарғы тыныс жолдарынан еніп төменгі тыныс жолдарының дистальді бөлігінің эпителиальді жасушалары рецепторларын қоздырып құрғақ жөтел, демікпе шақырады. Бұл өкпенің едәуір бөлігінің зақымдануын көрсетеді. Клиникалық белгілер тек 9-12 күн аралығында көрініс беруі мүмкін, соңында ауыр асқыну тудырады. Негізінде қалыпты жағдайда адам өкпе қызметінің барлық мүмкіндігін пайдалана бермейді, тек спортпен шұғылданатын адамдар өкпе қызметін 100 пайызға пайдаланады, сондықтан да кейбір кезде өкпе қызметінің нашарлағанын алғашқы кезде сезбей қалуы мүмкін. Кейін асқынғанда ғана демікпе, ауыр респираторлық дистресс синдромымен мүшкіл халде ауруханаға түсіп жатады.
– Коронавирус індеті әркімде әртүрлі формада өтеді, ол адамның ағзасына байланысты ма?
– Коронавирус індетінің әркімде әртүрлі деңгейде өтуіне бірінішіден жұқтырылған инфекцияның вируленттілігіне, вирустың жұқтырғыштық дозасына, екіншіден науқастың иммундық жүйесіне, ағзаның инфекцияға қарсы тұру қабілетіне, науқастың жасына, қосымша ауруларына, қауіп-қатер факторларына байланысты. Кейде вирус жұқтырған науқастар көп мөлшерде өз бетінше антибактериальді дәрілерді, вируска қарсы дәрілерді есепсіз, дәрігердің тағайындауынсыз ішіп, иммунитетін төмендетіп, ағзаның қарсы тұру қабілетін өзднрі әлсіретіп жататын жағдай жиі кездеседі. Негізі патогенезінде вирус альвеолоциттерді зақымдап, иммуноқабынулық синдром шақырады, сонымен қатар патогенетикалық тұрғыда COVID-19 виремиямен, жергілікті және жүйелік иммунқабынушылық үрдісмен жүреді. Ол коагуляцияның белсенділігін, эндотелийдің қабынуын, гипоксия, макро және микротромбоздар шақырып симптомсыз түрінен клиникалық айқын интоксикация, жоғары қызу, өкпе, жүрек, бүйрек, асқазан-ішек жолы қантамырларының эндотелий зақымдалуымен, орталық және перифериялық жүйке жүйесінің ауыр асқынуымен көрінеді.
– Иіс пен дәм сезбеу ЖРВИ белгісі ме, әлде КВИ ме?
– Иіс пен дәм сезбеу негізінде коронавирустың белгілері, бірақ аллергиялық және ЖРВИ кезіндегі ринит белгілері де болуы мумкін, сондықтан екеуін жақсылап ажыратып алу керек. Коронавирус кезінде тек қана дәм мен иіс сезу бұзылып қоймайды, қосымша іштің өтуі, бөртпенің пайда болуы, бұлшық еттердің ауруы сияқты қосымша белгілер де көрініс береді. Бір ғана иіс сезбей қалу сисптомы болса, коронавирус болдым деп уайымдау артық, нақты диагноз қою үшін қалған симптомдардың болуы қажет. Иіс пен дәм сезбей қалуды вирустың мұрын шырышты қабатындағы нерв ұштарын зақымдануынан деп түсіндіруге болады, ол 1-2 апта көлемінде қалпына келеді.
– Қазір халық арасында пневмониядан жазылған адамға моншаға түсуге болмайды деген пікір қалыптасқан. Расында солай ма?
– Короновирусы бар адам моншаға түсуден бас тартқаны дұрыс, вирус жұқтырған кейбір адамдар моншаға барып терлеп, иммунтитетімді көтеремін, аурудан тез айығамын деп ойлайды, ол дұрыс түсінік емес. Адамдар аурудан айықтық, пневмония жок деп мұндай нәрсеге мән бермей өзінің жағдайын жақсы сезінгеннен кейін жиі моншаға түсіп, жағдайын ушықтырып жатады. Науқастар ұзақ уақыт ыстық бумен тыныстауға және қатты буланған жерде көп отыруға болмайды, себебі ыстық ауа зақымданған өкпенің және жоғарғы тыныс жолдарының ісігін туғызып, тұншықтырады. Біз вирустың адам ағзасынан қашан толық шығып (вирус элиминациясы), нақты айығатын күнін біле бермейміз. Бұл барлығыңызға мәлім жаңа вирус және ағымы толқын тәрізді, созылыңқы өтетін ауру болғандықтан, күнделікті түсіп жүрген себелекке (душ) шомыла турған жөн болады.
– Пульмонолог дәрігер ретінде қандай кеңес берер едіңіз?
«Адамдардың вирус белгілеріне баса назар аударғаны абзал. Денсаулыққа мән берген жөн. Пневмониямен ауырған науқастарға ұзақ уақыт бойы реабилитация керек. Сондықтан науқастардан сабырлы болуын сұраймыз. Сол үшін адамдар бұл аурудың ұзақ ағымды және толқын тәрізді жүретінін естен шығармауы тиіс. Ұзақ әрі көп мөлшерде антибиотик ішуден бас тарту қажет.
- Әңгімеңізге рахмет!