20 нау, 2020 сағат 11:47

Коронавирус: Елорда тұрғындарына экспресс тестілеу жүргізіледі

Елорда тұрғындарына алдағы екі аптада коронавирус инфекциясына экспресс тестілеу жүргізіледі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халық арасында коронавирус инфекциясына экспресс тестілеу жүргізу жақын арадағы екі аптаға жоспарланған. Қазір коронавирус инфекциясының таралуы осы мәселеге жауапты ведомстволар мен органдардың бақылауында. Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясын диагностикалау Полимеразды тізбектік реакция әдісімен науқастармен байланыста болғандарға және жұқтыру қаупі жоғары адамдарға ғана жүргізіледі», - деді басқарма басшысы қала әкімдігінде өткен онлайн брифингіде. 

Бұған дейін басқарма басшысы Нұр-Сұлтанда корнавирус жұқтырғандардың басым бөлігі 30-49 жас аралығында екенін мәлімдеген еді. 

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тіркелген барлық 25 жағдай бойынша жақын байланыста болған 244 адам Нұр-Сұлтан мен өзге өңірлердегі ауруханаларға жатқызылды.

Еске сала кетсек, Қазақстанда қазір коронавирус инфекциясын жұқтырғандар 49 адам болды. Алматыда – 22 адам, Қарағанды қаласында - 2 адам, Нұр-Сұлтанда - 25 адам тіркелген.