27 нау, 2020 сағат 08:37

Коронавирус: eGov.kz порталындағы карта не үшін жасалғаны түсіндірілді

Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев коронавирус жұқтырған азаматтармен тікелей байланыста болған азаматтардың үйлері белгіленген картаның не үшін керектігін түсіндіріп берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айта кетейік, 22 наурызда eGov.kz электрондық үкімет порталында елімізде коронавирустың таралуын, оның ішінде халық үшін қауіпті аймақтарды көрсететін карта пайда болған еді. Олжас Әбішев бұл картаның не үшін жасалғанын айтты. 

«Біз осы картаны Ұлттық ақпараттық технологиялар орталығымен және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесе отырып іске қостық. Жоба алдында әлемнің Қытай, Сингапур, Корея секілді елдерінің тәжірибесін зерттедік. Ол елдер коронавирустың таралуын толығымен тоқтатып, жағдайды бақылауда ұстап отыр. Оның бірінші себебі – аталған мемлекеттер азаматтардың ұялы телефондары арқылы қай жерде орналасқанын электронды түрде бақылау арқылы қол жеткізді. Халықтың қауіпсіздігі үшін біз осы тәжірибені елге енгіздік. Себебі коронавирус адамнан адамға ғана емес, ұстаған телефоны, есіктің тұтқасы немесе лифттің батырмасы арқылы тарай береді. Ағаш немесе цемент болсын – 24 сағатқа дейін сол жерде қала береді», - деді Олжас Әбішев Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook-парақшасында шыққан сұхбатында. 

Яғни сол картада көрсетілген үйге барсаңыз байқауыңыз керек. Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға осылайша алдын ала хабарлап, картадағы үйге баратын болса, абайлау керектігін ескертеді. 

«Карта әр сағат сайын жаңарып тұрады. Бұл картаны жасауға 45 адам жұмылдырылды. Ал егер карантинде болған адам 14 күннен кейін карантиннен шықса картадағы нүкте автоматты түрде жойылып кетеді», - деді ол.