Елімізде кардиохирургиялық орталық, нейрохирургиялық орталық, перзентханалар күнделікті жұмыстарын істеп жатыр. Бұл туралы елдегі коронавирус инфекциясы бойынша ағымдағы жағдай жайлы онлайн брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елімізде мұндай жағдай әзірге тіркелген жоқ. Аяғы ауыр әйелдерге коронавирусқа қатысты нақты ұсынымдар жоқ. Бізде вирус жұқтырып алған балалар бар. Өкінішке қарай, вирустық инфекция балаларды айналып өтпейді. Әзірге бұған байланысты қиындықтар жоқ. Біз кез келген санаттағы науқастарға көмектесуге дайынбыз», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы перзентханалар әдеттегідей жұмыс істеуде.
«Кардиохирургиялық орталық, нейрохирургиялық орталық, перзентханалар күнделікті жұмысын істеп жатыр. Қажет болған жағдайда жедел жәрдем шақырып, немесе өздеріңіз барып, перзентханада босануға мүмкіндіктеріңіз бар», - дейді ол.