07 шіл, 2020 сағат 10:25

Коронавирус: 260 қазақстандық жансақтау бөлімінде жатыр

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният КВИ бойынша Қазақстанда соңғы тәулікте 456 науқас стационарға жатқызылғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы тәулікте 456 науқас стационарға түсті. Жансақтау бөлімінде ауыр және өте ауыр жағдайда 260 науқас жатыр. Оның ішінде 12 жүкті әйел, босанғаннан кейінгі ана және бір бала бар. Осы пациенттердің 72 пайызы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Соңғы тәулікте 5 пациент жансақтау бөлімінен әдеттегі палаталарға жағдайының жақсаруына байланысты ауыстырылды. Жағдайы ауыр науқастардың негізгі үлесі – Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына тиесілі», - деді Ажар Ғиният ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. 

Вице-министрдің айтуына қарағанда, Қазақстанда КВИ-дан жалпы 264 адам қайтыс болды. 

«Олардың жартысы үш өңірде: Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы мен Қарағанды облысы. Соңғы аптада ішінде 76 адам қайтыс болды. КВИ-дан өлім жағдайын талдауды әрбір өңірдегі облыстық денсаулық сақтау басқармаларындағы комиссия жүргізеді. Қайтыс болған пациенттердің негізгі үлесі – 50 жастан жоғары егде адамдар. Пациенттердің 90 пайыздан астамында жүрек-қантамыр, бронхы мен өкпе жүйесінің созылмалы аурулары, қант диабеті, семіздік, бауыр циррозы, обыр аурулары болған. Деректерді жинау кезінде мұндай адамдардың шектеу немесе карантин жағдайларын бұзғаны, көпшілік орталарда болғаны анықталды. Солайша, ауру жұқтырған. Жасы үлкен және созылмалы аурулары бара адамдарды өз денсаулығына аса жауапты болуға шақырамын», - деді ол.