29 мам, 2021 сағат 14:05

Қорғаныс министрлігінің офицері ұсталды


ҚР Қарулы Күштерінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету және қаруландыру бөлімінің бастығы полковник Асылбек Сатыбалдинов ұсталды. Бұл мәліметті Қорғаныс министрлігі растады.

«2021 жылдың 28 мамырында құқық қорғау органдары Қазақстан Қарулы Күштерінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету және қаруландыру бөлімінің бастығы полковник Асылбек Сатыбалдиновты ұстады. Тергеу мүдделеріне қатысты қалған ақпарат жария етуге жатпайды», - деп жазылған Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі растаған мәліметте.

Ал кейбір БАҚ дерегінше, ол "қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды, сыйақы беру кезінде бюджет қаражатын жымқырды және әскери қызметшілерден ақшалай жәрдемақыларды заңсыз өндіріп алды" деп күдікке ілінген.


"Сыйақының жалпы сомасы 10 миллион теңгеден асады", – делінген Orda.kz порталының ақпаратында.


Сатыбалдиновтің жұмыс орны мен үйінде тінту жұмыстары жүргізілді.


Сонымен қатар, қаржы қызметінің бастығы подполковник Жарболов та қылмыс жасады деп күдікке ілінгені туралы ақпарат тарады.


Қорғаныс министрлігінің өкілдері полковник Асылбек Сатыбалдиновті өзін жақсы қырынан көрсеткен офицер ретінде атап өтті.


Айта кетейік, 2021 жылдың қаңтарында қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қарамағындағы қызметкерлерге сыбайлас жемқорлықтың бірде-бір фактісіне жол бермеуді тапсырған болатын.