Әлеуметтік желілерде Украинада болып жатқан жағдайға байланысты Қазақстан Ресей жағына шыққысы келетіні туралы жазылып жатыр. Сонымен қатар, ҚР Қорғаныс министрлігі мен РФ Қарулы Күштері Украинаға қазақстандық әскери техника мен жауынгерлер жіберу туралы келіссөз жүргізіп жатыр деген ақпарат таралып жүр. Дегенмен бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл мәтіннің авторы Тәжікстан мен Қырғызстан Ресейге әскери көмек көрсетуге дайын екендіктерін «құпия» деңгейде жеткізгенін хабарлайды.
Қорғаныс министрлігі Ресейге техника жеткізу немесе Украинаға әскер жіберу туралы келіссөздер туралы ақпарат пен қауесетті жоққа шығарды.
– Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған қазақстандық әскери қызметшілер мен әскери техниканы Украинаға жіберу туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери контингентін жіберу туралы шешімді ел Президентінің тиісті ұсынысы негізінде Парламент қабылдайды. Парламенттің тиісті қаулысы қабылданғанға дейін Қорғаныс министрлігінің әскери контингентті қандай да бір мемлекетке жіберуге өкілеттілігі жоқ. Қорғаныс министрлігі аталған мәселе бойынша келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ.
Жеке құрамды ауыстыруға, оқытуға, жаттықтыруға қатысты Қазақстан Қарулы Күштерінің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік даярлығын арттыру шаралары жоспарлы түрде жүргізіледі. Үстіміздегі жылдың 25 ақпаны мен 3 наурызы аралығында Қарағандыдан Гвардейск гарнизонына, сондай-ақ Алматыдан Ақтау гарнизонына әскери техника жіберілгенін еске саламыз.
2022 жылғы 1-4 наурыз аралығында Шымкенттен Таразға, Түркістанға, «Айша-бибі» полигонына және кері бағытта Қарулы күштерге тиесілі техникалардың қозғалысы жоспарланып отыр.
Аталған кезеңде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін әскери техникаларды темір жол көлігімен Батыс Қазақстаннан елдің оңтүстік бөлігіне жоспарлы түрде жеткізу жүзеге асыралады, – деп хабарлады ведомстводан.
Сондай-ақ Украина мен Ресей арасындағы қақтығысқа Қазақстанның, Тәжікстан мен Қырғызстанның қатысуы туралы болжамдарға қайшы келетін басқа да фактілер бар.
Біріншіден, ҚР Қорғаныс министрлігі қазақстандық техника мен әскерилерді Украинаға жөнелтілуін жоққа шығарды.
– Қазақстан әскери қызметшілерін Украинаға немесе одан басқа елге жіберу туралы сұрау түскен жоқ және тиісті түрде қаралып та жатқан жоқ, – деп хабарлады ведомстводан.
Екіншіден, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Украинаны келіссөздер арқылы ортақ келісімге қол жеткізуге шақырып, әскер немесе техника жөнелтуге қатысты келісім білдірмеді.
Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында және ресми ресурстарда Қазақстан, Қырғызстан немесе Тәжікстан Ресейге әскери қолдау көрсетуге дайын екендігі туралы ақпарат жарияланған жоқ. Демек, аталған елдер Украинадағы шиеленіске қатысуға ниетті деген пікірлер қазіргі фактілерге қайшы келетін негізсіз қауесет болып табылады.