08 мау, 2022 сағат 18:21

Қорғаныс министрі: армияда әлімжеттік жоқ

© Photo : Министерство обороны Казахстана

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қазақстан армиясында жалпы алғанда әлімжеттік жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Ең алдымен, әлімжеттік деген не екенін анықтап алайық. Жалпы алғанда армияда әлімжеттік жоқ. Бір мерзімде шақырылған әскери қызметшілер арасында жанжалға әкеп соққан жеке жағдайлар кездеседі, әрине. Сіз, мысалы, досыңызбен жанжалдасып қалсаңыз, мұны әлімжеттік деп айтуға келе ме? Жоқ", - деді Жақсылықов мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап беріп.

Айтуынша, қазір сарбаздар небәрі бір жыл ғана әскерде болады. Он екі айдан кейін үйіне оралады. Ал кеңес заманында жастар екі-үш жыл әскери борышын өтейтін.

"Қазір бір жыл мерзім туралы сөз болып отыр. 18-19 жастағы бозбалалар арасында қандай әлімжеттік болуы мүмкін?! Бір-бірімен сөзге келіп, керісіп қалады. Өйткені бұл таза ерлер ұжымы", - дейді министр.

Жақсылықов бүкіл қоғам жастар тәрбиесімен айналысуы қажет деп санайды.

"Қазір кешкі уақытта үйден шықсаңыз, жастардың не істеп жүргенін көресіз. Сондықтан, ең алдымен, жастардың тәрбиесі жайлы айтайық. Жастарды тәрбиелеу - бәріміздің міндетіміз", - деді ол.

Соңғы кездері Қазақстанда әскерге шақырылған сарбаздар арасында суицид жиілеп кетті. Бұл проблемаға президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударды. Мемлекет басшысы мұндай қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін арнайы комиссия құруды тапсырды.

Оған Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов жетекшілік етеді. Осындай жағдайға жол берген офицерлер жазаланады.