13 қаң, 2023 сағат 11:37

Кореяға жұмыс істеуге кеткен отандасымыз 1,5 жылдан бері табылмай жатыр

Видеодан кадр: Астана арнасы

Кореяға жұмыс істеуге кеткен отандасымыз 1,5 жылдан бері табылмай жатыр. Шығыс Қазақстан облысының тумасы алғашқы кезде анасымен тұрақты хабарласып тұрған. Тапқан табысын жіберіп отырған. Енді ата-ана қызынан хабар ала алмай жүргенін айтады, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Шығыс Қазақстан облысының тумасы Альбина Кабдулдина есепші мамандығын меңгеріп, сауда үйінде сатушы болып жұмыс істейді. Жолдасы қайтыс болып, 13 жастағы жалғыз қызымен қалған. Анасына баспана алып бермек ниетпен табысы көп жұмыс іздейді. Осы мақсатта 2019 жылы Кореяға кетеді.

"Үнемі байланыста болды. Бір емес, екі рет шығатын. Жұмыс орнын көрсететін. Қайда істеп жатқанын, зауыттарын көрсететін. Пандемия уақытында визасымен проблема болды. Сол кезде шыға алмай қалдым деді. Бірақ бастықтары керек затты әкеп береді деді. Пусан, Сеул деген қалаларды ауыстырып отырды жұмыс табу үшін. Үйге қайт дегенде: "Үйге барғанда не істеймін? Табыс жоқ" дейтін. Әйтеуір келгеннен кейін бірдеңесін жинап, теріп мүмкін бірдеңе аламыз деп сондай ниетпен кетті ғой", - дейді анасы. 

35 жастағы Альбинамен байланыс 2021 жылдың 13 маусымында үзілді. Өзін қоярға жер таппаған ана қызын тауып беремін деген айлакерлерге тап болып, 10 миллионға жуық ақша берген.

"Міне, бір жарым жыл болды. Мен білмеймін қайда екенін...барлық мүмкіндікті жасадық. Дүниенің ақшасын жібердік. Бір әйел болысамын деп отырғызып кетті үлкен ақшаға. Сөйтсе алаяқ боп шықты. Енді білмеймін кімге сенуге болады? Қалай іздеуге болады? Мен білмеймін", - дейді Айгүл Болсаева.

Анасының баспаған табалдырығы, ашпаған есігі қалмады. Заңсыз мигранттардың құқығын қорғайтын "Корея көмек" қайырымдылық қорының мүшесі Самат Ахметов те отандасымызды іздеуге атсалысып келеді.

Телеарна мәліметінше, қазіргі таңда Оңтүстік Кореяда 37 мыңнан астам қазақстандық бар. Олардың 11 мыңы заңсыз мигрант. Жылына сол елде із-түзсіз жоғалатын жергілікті және шетел азаматтарының саны 11 мыңнан асады.

"30 күннен артық жүретін болса, автоматты түрде заңсыз боп есептелінеді. Нақтысын айтқанда, барып жатқан адамдардың 80-90 проценті сол жақта жұмысқа қалып қойып жатқан адамдар. Ол жақтағы айлықты толық айта алмаймын енді. Бірақ біздің естуіміз бойынша 800-900 мың теңгеден басталады", - дейді Кореяға кеңес беру орталығының басшысы Исламбек Әлиев.