18 ақп, 2020 сағат 11:26

Қордайдағы жұмыссыз жастарды құрылысы қарқынды жүріп жатқан аймақтарға жіберу керек – Айдар Әбуов

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Әбуов Қордай ауданында болған оқиға туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл – бүкіл қоғамды дүрліктірген оқиға. Мен екі ұлтты да кінәлауға қарсымын. Мұның бәрі алдын алу шаралары тиісті дәрежеде жүргізілмегендіктен болды деп ойлаймын. Қазіргі уақытта мемлекет әкімді және бірқатар лауазымды тұлғаларды ауыстырды, басқа да шаралар қолданып жатыр», - дейді ҚР ҰҒА құрметті академигі, философия ғылымдарының докторы Айдар Әбуов.

Ол мұндай жағдайлардың қалай алдын алуға болатынын айтты.

«ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жаңадан тағайындалған әкімдерге шешімі табылмаған әлеуметтік мәселелердің, қақтығыстардың алдын алу жолдарын үйрету керек. Жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамтамасыз етудің бір жолы – Солтүстік Қазақстан аймағына жіберіп, жұмыспен қамту. Арыс, Түркістан және басқа да құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқан аймақтарға бригадамен жіберу қажет», - дейді ол.

Еске сала кетейік, 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болды. Көп өтпей Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жаппай төбелеске қатысты пікір білдірді.

«Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында.

8 ақпанда Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.

Арнайы Үкімет комиссиясы құрылып, Жамбыл облысына барды. Ал Ішкі істер министрлігі Қордайдағы қақтығыстан 10 адамның көз жұмғанын растады.