22 қаң, 2022 сағат 14:15

Қор есебінен бүкіл әлеуметтік мәселені шешу мүмкін емес - Болат Жәмішев


«Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев қорға түскен қаражат есебінен елдің әлеуметтік проблемасын толықтай шешу мүмкін еместігін жеткізді. Сондай-ақ, қор басшысы түсіп жатқан қаржының алдымен қайда жұмсалатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Баршаның назарына тағы бір қайталап айтқым келеді. Қор есебінен бүкіл әлеуметтік мәселені шешу мүмкін емес. Яғни, елдегі кедейлік, жұмыссыздық қор жұмысы арқылы шешілмейді. Әрине, қайырымдылық есебінен белгілі бір көлемде мұқтаж жандардың проблемасын шешуге болады. Біз қолдан келгенше баршаны қамтуға тырысамыз, дегенмен көмек алдымен аса мұқтаж жандарға бағытталады», - деді Болат Жәмішев ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, қорға қаржы аударған әр адамның оның қайда жұмсалып жатқаны туралы білуге толық құқығы бар. 

«Қордың жұмысы ашық жүргізіледі. Қор қызметіне қатысты барлық ақпараттар біздің сайтта жарияланады. Яғни, қанша қаржы түсіп жатыр, ол қайда жұмсалып жатыр барлығы ашық көрсетіледі. Ашықтық - біз көздеп отырған басым бағыттың бірі», - дейді ол.