21 шіл, 2019 сағат 15:50

Көптеген елдер баланың жеке төлқұжаты болуын талап етеді - ІІМ

Ішкі істер министрлігінің көші-қон комитеті көптеген мемлекеттер балада жеке төлқұжат болуын талап ететінін мәлімдеді. Сондықтан шетелге шығар алдында әр балада жеке құжатының болуын пысықтап алу қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елден тысқары шыққан жағдайда балалардың суретін ата-анасының паспортына желімдеуді алып тастау бойынша заңнамаға түзету енгізіледі. Балада жеке паспорт болуын көптеген елдер талап етеді, осыған байланысты комитет алдағы өзгерістер өте өзекті екенін еске салды.

«Қазір бұл заң жобасы Парламент қарауында жатыр. Жеке паспорт көптеген елдердің талабы екенін ескере отырып, балаларымен шетелге шығуды жоспарлаған ата-аналарға басқа елдің шекарасын кесіп өту үшін ертерек паспорт рәсімдеу керектігі ескертілді. Сонымен қатар, бұл түзету Мемлекет басшысы заңға қол қойғаннан кейін ғана енгізілетінін түсіндірдік» делінген хабарламада.

Осындай түсіндірмелер ҰҚК Шекара қызметіне және Сыртқы істер министрлігіне жолданды.

ХҚО-да ата-аналардың паспортына баласының суретін желімдеу мәселесімен қабылдау тоқтатылған жоқ және сол қалыпта жүргізіліп жатыр.

«Ата-анасының паспортына жапсырылған суретпен кіргізетін және кіргізбейтін мемлекеттер туралы әдетте Сыртқы істер министрлігі хабардар етеді. Сондықтан қандай да бір елге жол жүрер алдында ол елге кіру тәртібін дипломатиялық өкілдіктерден алдын ала біліп алу керек» дейді комитет.

Сондай-ақ, қазір ІІМ балаларға төлқұжат беру үшін мемлекеттік бажды азайту мәселесін пысықтап жатыр.