18 қаң, 2022 сағат 12:11

Көп жағдайда «үйдің жанындағы дүкендер» бағаны негізсіз көтереді - агенттік


Тауарлардың бағасын бөлшек сауда субъектілері, яғни «үйдің жанындағы дүкендер» көтереді. Бұл туралы Үкімет отырысында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тұтыну тауарлары мен қызметтерінің бағасын көтеру фактілерін жедел анықтау және жолын кесу мақсатында хабарламалар қабылдау үшін жедел желі құрылды. Бүгінгі таңда Агенттіктің сенім телефонына 2000-нан астам өтініш келіп түсті. Оның ішінде хабарламалардың 50% - ы Алматы қаласының тұрғындарынан, 30%-ы елордамыздан, 20% - ы басқа өңірлерден келіп түсті», - деді С. Жұманғарин. 

Оның айтуынша, 70 пайыз жағдайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны асыру фактілеріне қатысты. 

«Көп жағдайда тауарлардың бағасын бөлшек сауда субъектілері көтереді, атап айтқанда «үйдің жанындағы дүкендер». Осы дүкендер көбіне 15 %-дық сауда үстемесін сақтамайды. Нәтижесінде, монополияға қарсы орган келіп түскен шағымдар бойынша өз құзыреті аясында шаралар қабылдайды. Үйдің жанындағы бөлшек сауда дүкендеріндегі бағаның өсуі жөніндегі шағымдар жергілікті атқарушы органдарға жолданады. Басқа шағымдар құзыреті бойынша уәкілетті органдарға жолданады», - деді агенттік басшысы. 

Оның пайымынша, осыған байланысты «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңының 9-бабының 1-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдар тарапынан саудаға бақылау-қадағалау функцияларын күшейту қажет.