07 қар, 2022 сағат 18:51

Конституциялық Сот келер жылдың 1 қаңтарында өз қызметін бастайды


Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Әділет вице-министрі Алма МҰҚАНОВА Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауын іске асыру үшін Әділет Министрлігімен әзірленіп қабылданған заңдар туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әділет вице-министрі өз баяндамасында келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Конституциялық сот өз қызметін бастайтынын атап өтті.

Бұл реформаның басты жаңалығы азаматтарға Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығын беру болып табылады. Бұрын мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. 

Азаматтардан басқа, қазір Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Конституциялық сотқа жүгінуге құқылы.

2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауда ел Президенті «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңын әзірлеу, яғни адам құқықтары жөніндегі уәкілдің адам және азамат құқықтарын іске асырудың кепілі ретіндегі конституциялық мәртебесін бекіту міндетін қойды.

Бұдан былай уәкілдің құқықтық жағдайы мен қызметін ұйымдастыру Конституциялық заңмен айқындалады.

Осы тұрғыда қабылданған конституциялық заң уәкілдің құқықтық мәртебесін одан әрі нығайтуға және оның қызметінің тәуелсіздігінің кепілдіктерін бекітуге бағытталған.

Сайлаушылардың мүдделерін ұлттық деңгейде де, өңірлік деңгейде де көрсету мақсатында сайлау жүйесін жетілдіруге қатысты нормалар қабылданды.

Сегізінші шақырылымнан бастап Парламент Мәжілісі жаңа жүйе бойынша жұмыс істейтін болады – партиялық тізімдер бойынша депутаттардың бір бөлігі (69), бір бөлігі бір мандатты аумақтық округтер бойынша сайланатын болады (29).

Өз кезегінде, өңірлер мәслихаттары мажоритарлық жүйе бойынша 50%, партиялық тізімдер бойынша 50% қағидаты бойынша құрылатын болады.

Аудан мәслихаттары тек бір мандатты округтер бойынша.

Бір мандатты аумақтық округтер бойынша депутаттар сайлау алдындағы уәделерін тиісінше орындамаған жағдайда сайлаушыларда мандатты кері қайтарып алу мүмкіндігі пайда болды.

Сонымен қатар, сайлау процесін жетілдіру бойынша нормалар қабылданды – бұл әлеуметтік желілердегі үгіт-насихатқа рұқсат беру, аумақтық сайлау комиссияларын кәсіби негізге ауыстыру, сайлау қорларына ерікті қайырымдылықтардың шекті мөлшерін белгілеу және тағы басқалары.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ауыл әкімдерінің сайлануын енгізуді ескере отырып, пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлануы енгізіледі.

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурызда айтқан негізгі реформалардың бірі елдегі саяси ландшафттың дамуына жаңа серпін беру болып табылады.

Осы реформаны іске асыру үшін саяси партияларды тіркеу үшін сандық шекті 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін, саяси партиялардың өңірлік өкілдіктерінің ең аз саны туралы талаптар 600-ден 200 адамға дейін, саяси партияны құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең аз саны бойынша талаптар 1 мыңнан 700 адамға дейін төмендетуге қатысты нормалар қабылданды. Сондай-ақ, саяси партия құру жөніндегі құрылтай съезін өткізу мерзімін 2 айдан 3 айға дейін ұлғайту жөніндегі нормалар қабылданды.