15 ақп, 2023 сағат 03:20

Көмір түтінінің қаупі: Астана аумағына газ қашан жетеді?

Сурет: © Shutterstock

Астананың қала сыртындағы елді мекендеріне көгілдір отын жеткізілмегені белгілі. Тұрғындар үйлерін бұрынғыдай көмірмен жылытады. Олар көмір жағу мен одан шығатын қалдықтарды тазалау қиындық туғызатынын айтады.

Қараөткел ауылының тұрғыны Мадина Омаржанованың сөзінше, пеш жағу адамға физикалық тұрғыдан өте ауыр, сол себепті көп күш пен уақытты талап етеді.

“Қалған күлді шығарып, қоқыс жанына тастай саламыз. Оны тастайтын арнайы орын жоқ”, – дейді ол.

Қосшы ауылында тұратын Ерлан Каримов есімді тұрғын пеш дұрыс жанбай қалғанда, әсіресе, түнде үйдегі адамдардың бәрін улап тастау қаупі барын айтады. Өзі де солай уланып, тек жолы болып аман қалған екен.

Ғалымдар көмір отынынан шығатын түтіннен және күлден де қауіп көбін айтады. «Қазэкология» ЖШС директоры Сұңқар Жолдыбаевтың ойынша, көмір түтінінен бөлінетін көміртегі тотығы ауаны ластап, қалдық күл топырақтың құрамын бұзады.

Қарағандыдағы облыстық клиникалық ауруханада жұмыс істейтін өкпе дәрігері Айнаш Аманжолованың айтуынша, өкпеге көмір түтіні белгілі нормадан көп түскенде, өкпе бронхтарына жиналады.

“Сосын шырышты қабықты зақымдайтын жұқпалы ауру тудырады. Егер адам сезімтал болса, аллергиялық қабыну пайда болады”, – деді ол Newsroom тілшісіне.

№10 қалалық емханадағы отбасылық дәрігер Асылбек Ізімғалиұлының сөзінше, көмір шаңы мен күл ауамен араласып өкпеге түскен жағдайда созылмалы обструктивті өкпе ауруы (СОӨА), пневмокониоз сияқты аурулар туындатуы ықтимал.

“Олар өкпеден қанға өтсе обыр, артериалдық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруына себеп болуы мүмкін”, – дейді отбасылық дәрігер.

Көмір түтіні мен шаңы адамға аса қолайсыздық тудыра қоймаса да, оның түрлі ауруларға алып келу қаупі әрбір азаматты ойландыратыны анық. Астана қаласы сыртындағы елдімекен тұрғындары сол үшін де көмір орнын басатын көгілдір отын жеткізу шаралары жылдамдатылса екен дейді.

Шаһар әкімдігінің дерегіне сенсек, бүгінде Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық, Железнодорожный, Өндірістік, Оңтүстік-Шығыс ауданының оң және сол жақтарына, Күйгенжар, Мичурино, Интернационал, сондай-ақ Потанин-Мәскеу ауданындағы ықшамдаудандарға, Нұр-Бесік, Ақбидай, Қазақауыл көшелеріне газ жүргізілген.

“2024 жылға дейін шамамен 300 мың адам газбен қамтамасыз етіледі. Қараөткел, Өндіріс, Шұбар, Телман аудандары 2023 жылдың мамыр айында толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі”, – делінген Астана қаласы әкімдігінің Newsroom тілшісіне берген ресми ақпаратында.

Десе де, газ белгілі бір аудандарда жүргізілгенімен, оның бағасына наразы тұрғындар да аз емес.

Қосшы ауданы тұрғыны Назерке Лесбекқызының айтуынша, бір пештің өзі шамамен 400 мың теңге тұрады, атқарылатын жұмысты қоса есептегенде 1, 2 миллион теңгедей қаражат кетеді.

“Менің үйім үлкен болғандықтан айына шамамен 80 мың теңге төлеймін. Қалған ауыл адамдарының қалтасы көтермейді, 30-40 мың теңгенің өзі оларға көп болып тұр. Оның үстіне газ көмір сияқты жылу бермейді, алайда ыңғайлы. Күн қатты суық болған күндері газ құбырлары қатып қалады”, – деді Н.Лесбекқызы.

Сандуғаш Фазыл,

KAZGUU Newsroom порталы