ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова Қостанай облысындағы «Қара бүркіт» колониясы (УК-161/3 мекемесі) қызметкерлерінің коронавирус жұқтыруына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы колонияның 19 қызметкерінен инфекция анықталды. Олардың барлығы оқшауланды. Колонияның жанында арнайы ғимарат бар, сол жерге провизорлық орындар жасақталды», - деді Л. Бюрабекова онлайн тәртіпте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, ауру анықталған адамдар колония аумағына кірмеген.
«Сотталғандармен байланыста болмаған. Егер де осындай жағдай орын алып, сотталғандарда індет анықталса, онда олар емдеу хаттамасына сәйкес ем-дом қабылдайтын болады. Колония ішінде провизорлық орындар дайындалады», - деді вице-министр.
Бұдан бұрын бірқатар БАҚ Қостанай облысында «Қара бүркіт» колониясының 19 қызметкері коронавирус жұқтырғандығы хабарланған еді.