04 қаз, 2022 сағат 12:55

"Көлік жүргізу мәдениеті төмен". Премьер жолдағы жағдайды түзетуді тапсырды


Қазақстан жолдарында күніне орта есеппен 5-6 адам қаза табады. Премьер-министр Әлихан Смайылов жағдайды түзетуді тапсырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Үкімет басшысы Қазақстан жол қауіпсіздігі бойынша әлемдік рейтингте 107-орында тұрғанын атап өтті.

"Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, ауыр аурулар мен табиғи апаттардан гөрі жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар көп. Біздің елде жол-көлік оқиғасынан қайтыс болу ықтималдығы дамыған елдермен салыстырғанда 11 есе жоғары. Жалпы, елде барлық көрсеткіш бойынша өсім барын байқап отырмыз", - деді Премьер-министр Үкімет отырысында.

Смайыловтың айтуынша, сегіз айда жолдардағы апат саны 14 пайызға артқан.

"Қаза болғандар саны 18 пайызға өсті. Орта есеппен жолдарда күніне 5-6 адам өледі. Бұл - түзетуді қажет ететін өте күрделі жағдай. Әлемдік тәжірибеде қауіпсіздікті бағалау үш құрамдас бөлік бойынша жүргізіледі: жүргізуші - көлік - жол. Өкінішке қарай, бізде жүргізушілердің көлік жүргізу мәдениеті төмен", - деп қосты Смайылов.