Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев рубльмен бірге әлсіреп жатқан төл валютаның болашағы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Теңге құлдырап жатыр, өйткені біздің экономика Ресей экономикасымен байланысты. Біздегі бүкіл импорттың 40%-ы, яғни Қазақстан сатып алатын әрбір екінші тауар бізге Ресей Федерациясынан келеді. Біз бұл тауарлардың көбін рубльге сатып аламыз. Транзакцияның 60%-дан астамы рубльмен жүреді. Бұл біздің экономикамызды рубль бағамына тәуелді етеді. Сондықтан төл валютамыз ресейлік валютамен бірге құнсызданып жатыр. Бұл - бірінші фактор.
Екінші фактор – валюта нарығындағы байбалам. Жасыратыны жоқ, бізде қандай да бір дүрбелең туындаған жағдайда шоттағы ақшаның бәрін шешіп алып, тіпті жақындарынан қарыз алып долларға айырбастай кететіндер көп. Өзіміздің ұлттық валютаға деген сенімнің төмендігі оның бағамына нұқсан келтіреді. Сұраныс ұсынысқа қысым жасайды», - дейді Андрей Чеботарев.
Спикер сондай-ақ теңге бағамы әрі қарай қалай құбылатынын айтты.
«Бұл әскери қақтығыс қалай өрбитініне байланысты. Қазір бәрі сағат сайын өзгеріп тұр. Бейсенбіде енгізілген санкциялар өте жеңіл болып көрінген, ал демалыс күндері оның соңы әлемде бұрын-соңды болмаған санкцияларға ұласты. Сондықтан бұл жерде бізге ештеңе байланысты емес», - деді ол.
Андрей Чеботаревтің ойынша, қазіргі бағамен шетелдік валютаны сатып алу тиімсіз.
«Қазір доллар сатып алу керек пе? Оны әркім өзі шешуі керек. Бірақ мен қарызға алған ақшамен валюта сатып алмауға кеңес беремін. Яғни нарықты алдау үшін несие алудың реті жоқ. 99% жағдайда мойныңызда қарыз қалады. Егер бүгін сатып алғыңыз келсе, биржаның ашылуын, яғни, 15:00-ге дейін күтуге кеңес беремін. Сол кезде ресми айырбастау бағамы бекітіледі. Қазір сіз банктік қосымшалар мен алмастырғыштардан көріп отырғаныңыз – алыпсатарлық курс қана. Ол ешқандай нақты ережелерге сәйкес келмейді», - деп жауап берді сарапшы.