Қазақстандықтарға қол алып амандасудан бас тартып, қазақтың көнеден қалған дәстүрі «иіліп сәлем беруді» қайта жандандыру ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мұндай ұсынысты С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық университетінің құрметті профессоры, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов жасады. Әлеуметтік желіде профессордың осыған қатысты видеосы белсенді тарап жатыр.
«Қазақтардың бұрын амандасу дәстүрі болған – қолын көкірекке қойып, иіліп сәлем салу. Ал қаір барлығы қол алысып амандасады. Бұл өте қауіпті. Ол адам қайдан шықты? Ал егер оның қолын алмасаң менсінбей кеткендей боласың. Ал бұл бірінші кезде гигиеналық тазалық, денсаулық кепілі», - деді Төрегелді Шарманов.
Айта кету керек, қазір көптеген елде коронавирустың таралуынан соң қол алып амандасуды шектеп жатыр.
Қытайда полиция қызметкерлері арнайы кезекшілікке шығып, адамдарға дыбыс зорайтқыш арқылы қол алыспауға кеңес беріп тұрады.
Ал Францияда бет сүйісіп амандасуды азайтып жатыр. Қазір бұл елде бір-бірінің жүзіне жылы қарауды жеткілікті санап жатыр.
Жұқпалы аурудың таралуын жеделдететін дәстүрлерден, сондай-ақ Польша, Жаңа Зеландия, Румыния, Испания, Бразилия елдерінде де бас тартуда.
Айта кету керек, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 90 мыңнан асты, 3110 адам көз жұмды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебреес мәлім етті.
Соңғы 48 сағатта Қытайдан тысқары жерде тіркелген 1848 жағдайдың 80% үш елге тиесілі: Иран, Италия және Оңтүстік Корея.