Елімізде өтіп жатқан сайлау барысында қоғамдық тәртіпті 40 мыңға жуық полиция қызметкері қамтамасыз етуде. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Запаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлау науқаны өтіп жатыр. Бұл науқанды өткізуге және алдын ала дайындық шараларын ұйымдастыруға байланысты ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы қызмет атқарудың күшейтілген тәртіпте жұмыс жасауда. Бүгінде еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті 40 мыңға жуық ішкі істер органдарының қызметкері қамтамасыз етуде», - деді министр орынбасары Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, оқиғаларға, оның ішінде дауыс беру орындарында болуы мүмкін құқық бұзушылықтарға жедел ден қою үшін қосымша жедел тергеу топтарын құрылған.
«Олардың құрамында прокуратура қызметкерлері де бар. Сайлау учаскелеріндегі жағдайға келер болсақ, бюллетеньдер апарылмай тұрып, барлық сайлау учаскелері қауіпсіздік тұрғысынан тексеруден өтті. Полиция қызметкерлерінің бақылауымен бюллетеньдердің барлығы учаскелерге еш кедергісіз жеткізілді», - деді Арыстанғани Запаров.