Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Болат Тілепов «Қоғамдық бақылау туралы» Заңның артықшылықтарын атады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Вице-министр әуелі сыбайлас жемқорлықты адамзат үшін қауіпті төрт қасіреттің бірі ретінде атады.
«Адамзат өміріне қауіп төндіретін төрт үлкен қасірет бар. Ол соғыс, аштық, індет және сыбайлас жемқорлық. Себебі сыбайлас жемқорлықтан келетін зауал тұтас халықтардың, ұлттық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Әрине, онымен күрес ең алдымен мемлекеттің міндеті. Бірақ бұл күрестің нәтижелілігі, бірінші кезектен, азаматтық қоғамның жігеріне, әрбіріміздің ішкі мәдениетімізге, және ұстанымымызға байланысты. Сондықтан бұл жұмыс – азаматтық қоғам саласына құзыретті мемлекеттік орган ретінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ең маңызды міндеттерінің бірі», - деген Болат Тілепов жемқорлықпен күрес бойынша ведомство екі ауқымда бағыт бойынша жүйелі істер тындырып жатқанын атады.
Ол, сондай-ақ, министрлік тарапынан Adaldyq alany жобалық кеңсесінің жұмысын күшейтуге күш салынатынын атады.
«Қазіргі уақытта министрлік Қоғамдық бақылау туралы заң жобасын дайындап жатыр. Бұл – жаңа заң. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын қамтамасыз етуге жол ашады. Онда қоғамдық бақылауды жүзеге асырушы субьектілер тізімі анықталған. Қоғамдық бақылауды бұрын үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық ұйымдарға ғана құқық беріліп келсе, қазір азаматтар да осындай құқыққа ие. Яғни, азаматтар да қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға құқылы. Заң әлі де болса талқылау үстінде. Ең бастысы, оның уақтылы қабылдануы», - деді вице-министр.