Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатында қоғамда еңбекқорлық идеясын орнықтыру керек екенін және пайдалы жұмыс істеймін дегендерге мүмкіндік аз емес екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
"Біз қоғамда еңбекқорлық идеясын орнықтыруымыз керек. Турасын айтайық, бұл қазір ең өзекті мәселе болып тұр. Азаматтарымыз адал еңбекпен табыс табуды ең басты орынға қоюы қажет. Бақуатты ел болу биліктің жұмысына ғана емес, ол, ең алдымен, әрбір азаматтың еңбегіне байланысты", - деді Мемлекет басшысы.
Ол елдің тұрмысын құрғақ сөзбен емес, нақты іспен көтеру керек екенін айтты.
"Біздің жастарымыз осыны айқын ұғынса деймін. Елімізде белгілі теріс факторларға қарамастан, тиімді, пайдалы жұмыс атқаратын мүмкіндіктер аз емес. Жақсы мен жаман туралы ұлы Абайдан асырып ешкім айта алмас. Сондай-ақ ойшыл ақынның "талап, еңбек, терең ой, қанағат және рақым" деген даналығының да мәні зор. Бұл қағида бізге, әсіресе осы заманда ауадай қажет", - деді ол.