03 сәу, 2026 сағат 17:15

Ауруы бар бала “сау” деп танылған: сот даулы шешімді бұзды


Фото: Zakon.kz


Солтүстік Қазақстан облысында сот мүмкіндігі шектеулі жасөспірімнің құқығын қорғап, медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясының шешімін заңсыз деп таныды, деп хабарлайды СҚО сотының баспасөз қызметі.


Сотының мәліметінше, әділдік іздеген баланың анасы сотқа жүгінген. Оның айтуынша, жасөспірім ерте жастан бері созылмалы дерт – ювенильді идиопатиялық артритпен ауырады. Бұл ауру буындардың ауырсынуына, қимыл-қозғалыстың шектелуіне және аяқ-қолдың деформациясына әкелуі мүмкін.


Бала тұрақты түрде дәрігерлердің бақылауында болып, ұзақ уақыт ем қабылдаған. Оған тізе буындарына ота жасалып, денсаулық жағдайына байланысты үйде оқыту тағайындалған.


Алайда өткен жылдың қазан айында қайта куәландыру кезінде өңірлік комиссия жасөспірімнің мүгедектігін растаудан бас тартқан. Шешім ағза функцияларында тұрақты бұзылыстар жоқ деген уәжбен негізделген.

Сот талқылауы барысында сараптама жүргізу кезінде өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, тексеруге міндетті мамандар – ревматолог, травматолог және ортопед қатыстырылмаған. Яғни, комиссия шешімді тиісті бейінді дәрігерлердің қорытындысынсыз қабылдаған.


Бірінші сатыдағы сот бұл шешімді заңсыз деп танып, күшін жойды. Кейін әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы да осы ұйғарымды қолдап, рәсім талаптарының бұзылуы шешімнің заңдылығына тікелей әсер еткенін атап өтті.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.