01 мау, 2021 сағат 16:34

Қоғам белсендісі Ғалы Бақтыбаевтың өлімі: Алқабилер 2 күдіктіні ақтап алды


Қарағандыда қоғам белсендісі Ғалы Бақтыбаевтың өліміне айыптыларға сот үкімі шықты. Алқабилер үш күдіктінің барлығын ақтау үшін дауыс берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ғалы Бақтыбаевтың қазасына қатысты резонансты іс Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен қаралды. Іс бойынша төрағалық етуші судья болып Қайрат Қасымов тағайындалды.

Прокурор күдіктілер Азамат Бөкенаев пен Ғалым Ахмеджановқа жазасын қауіпсіздігі ең жоғары мекемеде өтеумен, 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал Иман Мияшовті айыптау баптарының жиынтығын және бұрынғы құқық бұзушылықтарын ескере отырып, жазасын қауіпсіздігі төтенше мекемеде өтеумен 25 жылға түрмеге қамау ұсынылды. 

Бастапқыда үкімнің жариялануы 28 мамыр, жұмаға белгіленген болатын. Алайда судья шешімді үш күнге шегерді. Бірақ 31 мамырда алқабилердің бірінің сырқатына байланысты үкімді жариялау 1 маусымға ауыстырылды. Бүгін сот үкімі шығарылды.

Азамат Бөкенаев, Ғалым Ахметжанов және Иман Мияшов Ғалы Бақтыбаевтың өліміне кінәсіз деп танылды. 12 алқабидің 10-ы ақтау үкімі үшін дауыс берді.

«Дауыс беру қорытындысы бойынша Бақтыбаевты өлтіруді ұйымдастырғаны және жасағаны үшін айыпталған Азамат Бөкенаев, Ғалым Ахмеджанов, Иман Мияшовқа қатысты ақтау үкіміне 10 алқаби дауыс берді. Алқабилердің үкімі негізінде А.Бөкенаев, Ғ.Ахмеджанов қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға сотталушылардың қатысы бары дәлелденбегені үшін ақталды», - деді соттың баспасөз қызметінен.

Алқабилер Иман Мияшовты айыптаудың негізгі бабы бойынша ақтаса да, ол Бақтыбаевтың денсаулығына орташа дәрежеде зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Естеріңізге сала кетейік, Ғалы Бақтыбаевты 2019 жылдың 28 мамырында өз үйінің табалдырығында өлтіріп кеткен. Тергеу мәліметтері бойынша, кісі өлтіруге тапсырыс берушілер Атасу кентінің тұрғындары – бизнесмен Азамат Бөкенаев және бұрынғы полицей Ғалым Ахмеджанов болған. Екеуі бір миллион теңгеге киллер жалдап, оны қару-жарақпен қамтамасыз еткен. 28 жылдың 2019 мамырында өлтіруші бұйрықты орындап, оқиға орнынан қашып кетті.