31 шіл, 2019 сағат 14:30

КХДР тағы да баллистикалық зымырандар ұшырды

Сәрсенбінің таңында Корей Халық Демократиялық Республикасы шығыс жағалаудан жақын қашықтыққа ұшатын екі баллистикалық зымыранын ұшырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.

Пхеньян бір аптаның ішінде осымен екінші рет зымыран ұшырып отыр.

Оңтүстік Кореяның Штаб бастықтары бірлескен комитеті зымырандардың алғашқысы жергілікті уақытпен таңғы сағат 5:06-да, екіншісі 5:27-де Вонсан портына жақын маңнан ұшырылғанын мәлімдеді.

Комитеттің есептеуінше, зымырандардың екеуі де 250 километрге, шамамен 30 км биіктікте ұшқан.

Осыдан алты күн бұрын да КХДР дәл осылай екі зымыранын ұшырған. Бірақ олар 50 км биіктікте 600 км ұшты.

«Баллистикалық зымырандардың бірінен соң бірін ұшыру Корей түбегіндегі жағдайды жақсартуға бағытталған күш-жігерге қайшы келеді. КХДР тарапын мұны тоқтатуға шақырамыз», - делінген комитеттің мәлімдемесінде.

Комитет өкілдерінің айтуынша, Солтүстік тарапы қаруды тексерістен өткізіп жатқан болу керек.

Айта кетейік, КХДР БАҚ өкілдері өткен аптадағы зымырандардың ұшырылуын Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың келесі айда бірлескен әскери жаттығулар өткізу жоспарына қарсылықтың белгісі деп атады.