Фото: ашық дереккөзден
Кибербуллингке тап болған балалардың жартысы ол туралы ата-анасына айтпайды екен. Бұл туралы Астанада өткен брифингте ЮНИСЕФ-тің балалық шақты қорғау бағдарламаларының жетекшісі АЙСҰЛУ БЕКМҰСА айтты деп хабарлайды «Ұлт Ақпарат».
«ЮНИСЕФ мәліметтері бойынша әлемде әр бір үшінші интернет қолданушы - бала. Оқу-ағарту министрлігімен бірге былтыр біз Қазақстанда балалардың онлайн қауіпсіздігі бойынша зерттеу жүргіздік. Қазақстанда да балалар өте ерте жаста интернетке тез қосыла алатындығына көзіміз жетті. Зерттеу бойынша интернетке қосылатын балалардың 49 пайызы 5-8 жас аралығында, ал балалардың 5 пайызы одан да ерте, яғни 4 жастан кіші кезінде интернетке қосылады. Сондықтан осы мәселеге назар аударғым келеді. Бірақ интернет ең әуелі балалардың дамуына, білім алуына, шығармашылығы мен әлеуметтік бейімделуіне мүмкіндік. Мұны біле отырып, оның қауіпі де бар екенін түсінуіміз керек. Зерттеу бойынша 21 пайыз бала кибербуллингтің түрлі формасына тап болған және ол балалардың жартысы ғана үлкендерге бұл туралы айтқан. Сондықтан ата-аналар бала интернетте қандай қауіппен кездесуі мүмкін екенін толық түсіне бермеуі мүмкін. Ол отбасында ересек адам мен бала арасында сенім қалыптаспағанын көрсетуі мүмкін», -дейді Айсұлу Бекмұса.