Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары азаматтардың дербес деректеріне тек арнайы код арқылы ғана қол жеткізе алады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ақпараттық қауіпсіздік бойынша Мемлекет басшысы дербес деректерді қорғауды күшейтуді тапсырды. Мұнда біз бірнеше нәрсені енгіземіз. Біріншісі – сандық келісім. Қазір тұрғын ХҚО-ға келгенде, жеке сәйкестендіру нөмірін көрсетеді. Оператор сол арқылы барлық деректер базасына кіре алады. Ал енді біз ХҚО операторы клиентке хабарлама арқылы жіберілетін кодты жазғанға дейін дербес дерекке қол жеткізе алмайтын тәсілді іске қосамыз», - дейді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, мұндай жүйе қазір хлыққа қызмет көрсететін 3 орталықта сынақтан өткізіліп жатыр.
«Жыл соңына дейін жүйені құрып, оны барлық жерде енгізетін боламыз. Әзірге дербес деректерді қорғаудың ең пәрменді тәсілі осы», - деді Бағдат Мусин орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.