12 қыр, 2023 сағат 12:36

ХҚКО қызметкерлері 2 жыл бойы көлікті заңсыз тіркеумен айналысқан

© Sputnik / Владимир Корнев

Ақмола облысында 2 жыл бойы жүк көліктерін заңсыз тіркеу бойынша қылмыстық қызметті жүзеге асырған адамдар тобы, оның ішінде мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері әшкереленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

"Тергеу барысында ҚМА аумақтық департаменті Көкшетау қаласының ХҚКО мамандандырылған бөліміне Еуропадан әкелінген 100-ден астам автокөлік құралын алғашқы тіркеу үшін алым төлеу туралы жалған төлем құжаттарын беру фактілерін анықтады.

Қылмыстық іс-әрекеттің нәтижесінде мемлекетке 700 млн теңгеден астам шығын келтірілді.

Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды және күдікті адамдарға қатысты сот қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді" - делінген хабарламада.

ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.