10 қаз, 2023 сағат 13:43

Хиджабқа байланысты мектепке бармай жүрген оқушылар бар ма – министр жауабы

Midjourney нейрон желісі арқылы жасалған кескін

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев хиджаб киюіне байланысты сабаққа бармай жүрген оқушы қыздар туралы сауалға жауап берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі. 

Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі брифингте БАҚ өкілдері министрден «Атырау облысында 150 қыздың мектепке бармай жүргені туралы нақты ақпарат бар. Өйткені, олар хиджабпен жүреді, кіргізбейді. Өзге өңірлер бойынша ақпарат бар ма?» деп сұраған еді.

Ғани Бейсембаев жаңа оқу жылы басталған кезде хиджап киген оқушы қыздардың саны 150-ден де көп болғанын жасырған жоқ.

Дегенмен, олардың ата-анасымен түсіндіру жұмысы жүргізілгенін атап өтті.

«Мектеп балалардың сапалы білім мен тәрбие алуға арналғанын жақсы білесіздер. Сондықтан ата-аналар түсініп, қабылдай бастады. Қазіргі уақытта бұл мәселе шешілді. Мендегі ақпаратқа сәйкес, басқа өңірлерде орамал тағатын оқушылар жоқ», — деді министр.

Осы ретте БАҚ өкілдері елімізде мектепке хиджабпен барып жүрген бір де бір оқушының жоқтығын тағы да нақтылап сұрады.

«Басында проблема болды. Бүгінде мәселе толығымен шешілді. Ата-аналар мектептің ең бірінші міндеті — сапалы білім мен тәрбие беру екендігін түсіне бастады. Біз біріншісін екіншісімен шатастырмауымыз керек», — деді Ғани Бейсембаев.