Америкалық жазушы Марк Твеннің танымал шығармасы «Ханзада мен қайыршы» романы қазақ тіліне аударылды, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
«Фолиант» баспасынан жарық көрген шығарманы белгілі журналист Дина Имамбай аударған.
Романдағы негізгі оқиға Англияда өрбиді. Шығармада XVI ғасырдағы халықтың тұрмыс-тіршілігі мен ақсүйектердің сарайдағы өмір суреттеледі.
Лондон шаһарында бір-бірінен аумайтын екі бала дүниеге келеді. Оның бірі Уэльс ханзадасы болса, екіншісі – кедей отбасынан шыққан Том Кенти.
Том Кенти патша сарайында өмір сүруді аңсаса, ханзада еркіндікті қалайды. Сөйтіп бір күні күтпеген жерден олардың тілегі орындалып, шиеленіске толы шытырман оқиғаларға тап болады.
«Сүп-сүйкімді балақай Том Кентидің басынан кешкен хикаясын аударып отырып, нағыз визуализация дегеннің не екенін бұрынғылар да білгенін байқадым. Тақыр кедей отбасында туған Том патша сарайын, нағыз ханзаданы бір көрсем деп армандап, күндіз ойынан, түнде түсінен шықпай жүріп ақыры король сарайына тап болады, тіпті біраз күн ханзада болады. Корольдердің киіну, тамақ ішу церемонияларын, мерекелерін аударуда біраз қиналғанымды жасырмаймын. Мүлде бөлек халық, бөлек менталитет қой.
Қылмыс жасаған адамды қинаулары қазаққа ұқсайды екен, соның бірі «колодаға отырғызу» – ортасындағы ойығынан адамның қыл мойынына кигізіліп екі жағынан бекітілетін, иықтың үстінде тұратын ағаш тақта - «ажырғы». Айтпақшы, бұл кітап орысша нұсқасынан аударылды. Және де орысша аударманың барлығы керемет деген пікір дұрыс емесіне тағы бір рет көзім жетті, бірнеше жерде мағынасын дұрыс жеткізбегенін байқадым», – дейді Дина Имамбай.