12 жел, 2025 сағат 12:51

Бейжіңде «Қазақ–Қытай қаламгерлері» халықаралық әдеби конференциясы өтті

Фото: Жазушылар одағы

Бейжің қаласындағы Қазақстан мәдениет орталығында қазақ және қытай әдебиетінің ірі өкілдерін жинаған «Қазақ – Қытай қаламгерлері» халықаралық әдеби конференциясы өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Іс-шараны Қазақстан Жазушылар одағы, ҚР Қытайдағы Елшілігі, Қазақстан мәдениет орталығы және Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры бірлесіп ұйымдастырды.

Жиын Зейнолла Сәніктің шығармашылығына арналған арнайы кітап көрмесімен ашылды.

Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов екі ел арасындағы әдеби және мәдени байланыстардың маңызын атап өтті.

— Бұл мәдени орталық – шетелдегі алғашқы әрі жалғыз қазақстандық мәдени алаң. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің қатысуымен ашылған бұл орталық біздің әдебиет пен мәдениетті халықаралық деңгейде танытатын маңызды платформаға айналды. Қазақ пен қытай әдебиетінің арасындағы рухани көпірді нығайту, аударма ісін жаңа деңгейге көтеру – уақыт талабы, — деді ол.


Конференцияда Қытай Жазушылар одағының төраға орынбасары, әдеби сыншы У Ицинь екі ел арасындағы әдеби ынтымақтастықтың жаңа кезең басталғанын айтып, бірлескен жобаларды күшейту туралы ұсыныстарын жеткізді.

Сондай-ақ жиында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Али, меценат Қанат Сәнік, жазушы және аудармашылар өз пікірлерімен бөлісті.

Конференция аясында Қазақстан Жазушылар одағы мен Қытай Жазушылар қауымдастығы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Пленарлық отырыста екі елдің танымал қаламгерлері баяндамалар жасады. Олардың қатарында:
• жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржеке-ұлы;
• жазушы-аудармашы Акбар Мәжіт;
• жазушы, Мемлекеттік сыйлық иегері Кәдірбек Сегізбай;
• Қытай Жазушылар баспасы өкілі Янь Хуэй;
• Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының ғалымы Ван Сяоюй.

Олар аударма ісі, әдебиет арқылы мәдени ықпалдастық, қазақ-қытай әдеби байланыстарының тарихы және қазіргі даму бағыттары туралы ойларын ортаға салды.

Конференция соңында қатысушылар екіжақты әдеби ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылап, нақты ұсыныстар айтты.