09 қаз, 2023 сағат 12:11

"ХАМАС" Тель-Авивтегі әуежайға оқ жаудырды

Фото: Ammar Awad/Reuters

Палестиналық "ХАМАС" қозғалысының әскери қанаты болып табылатын "Әл-Кассам" бригадалары Тель-Авивтегі Бен Гурион халықаралық әуежайы бағытында зымырандар ұшырылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости агенттігі.

"Әл-Кассам" бригадалары жалғасып жатқан қылмыстар мен азаматтардың үйлеріне жасалған шабуылдарға жауап ретінде Бен Гурион әуежайына зымыранмен жаппай оқ жаудырды", - деп жазылған Хамастың әскери қанаты таратқан мәлімдемеде.

Сонымен қатар бригадалар Израильдің оңтүстігіндегі Ашкелон қаласына қарай 100 зымыран бағытталғанын хабарлады.

Ал Израиль армиясы елдің орталығында зымыран шабуылы туралы ескертетін дабыл құрылғылары іске қосылғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, палестиналық Хамас қозғалысының әскери қанаты сенбі күні Израильге қарсы "Әл-Ақсадағы топан су" операциясын жариялады.

Ал Израиль қорғаныс күштері Газа секторында Хамасқа қарсы "Темір семсерлер" операциясын бастағанын хабарлады. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху халыққа үндеуінде елдің соғыс жағдайында екенін айтып, резервтерді кеңінен жұмылдыруды тапсырғанын мәлімдеді.

Jerusalem Post газеті палестиналық-израильдік қақтығыстың шиеленісуі кезінде Израильде қаза тапқандар саны 300-ден асқанын, 1,5 мыңнан астам адамның зардап шеккенін жазды. Палестина денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, Израильдің Газа секторына жасалған соққылар салдарынан қаза тапқандар саны 232-ге жеткен, 1,7 мыңға жуық адам жарақат алған.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі тараптарды "тек екі мемлекет арасындағы ғана емес, жалпы Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі шиеленісуіне әкелетін әрекеттерге бармауға" шақырды.