26 ақп, 2021 сағат 10:39

Халықты жұмыспен қамту: 331 жоба жоспарланып отыр

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Серік Шәпкенов 2021 жылға арналған жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қадамдары туралы айтты. Оны іске асыру жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайыздан асырмай сақтап қалуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министр Мемлекет басшысы Үкіметке мемлекеттік бағдарламаларды 

2021 жылдың бірінші жартысының соңына дейін ұлттық жобаларға айналдыруды қамтамасыз етуді тапсырғанын атап өтті. Бұл жұмыс «Nur Otan» партиясының сайлауалды тұғырнамасында көзделген бастамаларды ескереді. Оған сәйкес, 2021 жылдан 2025 жылға дейін 1,8 млн жаңа жұмыс орнын құру көзделген.

Бұдан басқа, ҚР Президенті жұмыспен қамтудың өңірлік карталарын әзірлеуді тапсырды.

«Біздің ойымызша, олар ұлттық жобалар мен аумақтарды дамыту бағдарламалары (АДБ) аясында қарастырылған экономикалық мамандандыруды, келешегі бар салаларды және өңірлердің барлық жобаларын ескеруге тиіс. Біз өңірлік карталардың құрылымы туралы ұсыныстарды Ұлттық экономика министрлігіне жолдадық. Оларды әкімдер мақұлдағаннан кейін Жұмыс орындарын құруды бақылау жөніндегі бірыңғай ақпараттық жүйеде ескеру керек», – деді Серік Шәпкенов.

Еңбекминінің басшысы, сонымен бірге, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің 2021 жылға жоспарланған міндеттері мен индикаторларын ортаға салды. Біріншіден, 700 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамту жоспарланып отыр, оның ішінде: 

- «Бастау Бизнес» жобасы аясында 30 мың адам оқытылады, оның 6 мыңы жастар;

- Электрондық еңбек биржасы арқылы 5000 жұмыссыз жұмыс берушілердің сұранысы бойынша сұранысқа ие дағдыларға оқытылады.

Жастарды жұмыспен қамту бөлігінде:

- «Бірінші жұмыс орны» жобасымен 1,5 мың адамды қамту;

- 10 мың мемлекеттік грант беру жоспарлануда.

Жетім балалардың кем дегенде 85%-ы жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналасады.

Еңбекке қабілетті жастағы мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылу үлесі 24%-ға дейін ұлғайтылады.

Екіншіден, Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру жалғасады. 

2021 жылы 27 мыңнан астам жұмыс орнын құру арқылы 331 жоба жоспарланып отыр, оның ішінде 10 мыңнан астамы жобалар аяқталғаннан кейін тұрақты болып қалады.

Үшіншіден, «ЕҢБЕК» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы мынадай мақсаттарға бағытталады:

- басымдық берілген құралдар арқылы халықтың нысаналы топтарын жұмыспен қамтуды қолдау;

- жұмыс орнында және онлайн оқыту арқылы экономика талаптарына сәйкес жұмыс күшінің біліктілігін дамыту;

- өңірлер экономикасындағы зәкірлік кооперацияны және өндірістік тізбектерді дамытуға микрокредит беру арқылы жеке секторда жұмыс орындарын құруды қолдау.

Министрдің пайымынша, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша жоспарланған шараларды іске асыру 4,9%-дан аспайтын деңгейде сақтай отырып, жұмыссыздықтың өсуіне жол бермейді.