04 мам, 2020 сағат 10:15

Халыққа қызмет көрсету орталықтары бірқатар шектеумен жұмысын бастады

Бүгін елордада және бірқатар өңірде Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын қайта бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына сілтеме жасап.

Атап айтқанда, елордада Мәңгілік ел, 30 мекенжайында ашылған жалғыз ғана ХҚО шағын және орта бизнес субъектілеріне ғана қызмет көрсететін болады. Онымен қоса, кәсіпкерлер әкімдіктің алдын ала ұсынған тізімі бойынша қабылданады. Олар бизнесті жүргізумен байланысты қызметтерді, соның ішінде жылжымайтын/жылжымалы мүлікті кепілге қою шартын және оның қосымшасын тіркеу қызметтерін ала алады. 

Сондай-ақ астанада жұмысын бастаған бір Мамандандырылған ХҚО тек автокөлік салондарына қызмет көрсетеді

Мемлекеттік қызметтерді сапалы және уақытылы ұсыну үшін «Азаматтарға арналған үкімет» кәсіпкерлерге құжаттардың толық пакетін алдын ала әзірлеп, ұсынуды сұрайды. ХҚО-лардың жұмыс кестесі - 09:00-ден 17:00-ге дейін.

4 мамырдан ХҚО-лар Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында ашылды. Олар да тек шағын және орта бизнеске қызмет көрсететі. 

Ал Орал, Қарағанды және Ақтау қалаларында жеке тұлғалар үшін халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын жандандырды. «Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты, онда тек онлайн түрде қолжетімсіз қызметтер бойынша қызмет алуға болады. Бұл ретте электронды үкімет порталы немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы кезек уақыты алдын ала брондалуы тиіс. Дегенмен, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар және мүмкіндігі шектеулі жандар электрондық қызметтерді ХҚО-дан ала алады. Фронт-офисте олар үшін жеңілдік терезесі жұмыс істейді. Сондай-ақ олар да ХҚО-ға баратын уақытын алдын ала брондауы керек», - делінген ақпаратта.

ХҚО-да кезекті https://egov.kz/services/SR.06/#/declaration/// сайтында немесе 1414 нөмірі арқылы брондауға болады. 

4 мамырда жұмысын қайта бастайтын кәсіпкерлерге қызмет көрсететін ХҚО-лар мен жеке тұлғаларға арналған ХҚО-лар тізімі мына сайтта: https://gov4c.kz/ru/zhanalyktar/2020/04/30/keibir-aimaktarda-khko-zhumysy-kaita-zhandanady/