22 шіл, 2020 сағат 13:05

Халыққа көмек көрсетуде өңірлер шет қалмауы тиіс – Азат Перуашев

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев пандемия кезінде халыққа қандай қолдау көрсетіліп жатқанын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз үшін елдегі әрбір адамның денсаулығы аса маңызды. Бізді Қазақстанның түрлі аймақтарында не болып жатқандығы алаңдатады. Сондықтан жағдайды бағалау үшін Қостанай облысындағы Арқалық қаласына бардық. Жеке өз кестем бойынша 10 облысқа баруды жоспарладым. Арқалықта жергілікті ауруханаларға барып, дәрігерлермен, коронавирустан қайтыс болғандардың туыстарымен сөйлесіп, дәріханаларды тексердік. Дәрімен қамтамасыз ету бойынша дәріханалардың иелері бізге шағымданып, «СҚ-Фармацияның» дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ деген сөзіне наразы болып отыр. Біз үш күнімізді жергілікті дәріханаларға арнадық. Барлық жерде ұзын-сонар кезек және кіреберісте сатылымда жоқ дәрілердің тізімі ілінген. Бұл дәріханаларда тапшылықтың барын білдіреді. Бірақ ауруханаларда тапшылық жоқ. Себебі, СҚ-Фармация мемлекеттік ауруханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Жергілікті дәріханалар тек қана мемлекеттік клиникаларды қамтамасыз етуге наразы», - деді депутат ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұйымдастырған онлайн кездесуде. 

Оның айтуынша, пандемия кезінде Арқалық халқына қолдау көрсету мақсатында үш жасанды өкпені желдету аппараты сатып алынып, 20 мұқтаж жанұяға азық-түлік берілген. Депутат кішігірім елдімекендердің көмекке мұқтаж екенін ұмытпауды атап өтті. 

«Белсенділер билік пен лауазымды тұлғалардың көмегін күтіп отырған жоқ. Олардың өздері азық-түлік, дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар сатып алуға көмектесіп жатыр. Біздің азаматтық қоғам бұл мәселеге мән бере бастады. Дәл осындай үйлесу азаматтық қоғам мен мемлекет арасында өте қажет. Алайда мұндай шаралар тек ірі қалаларда ғана өтеді де, шағын ауылдар ұмыт қалады. Сондықтан ауылдар мен аудандарды да қолдау қажет», - деді А. Перуашев.