16 сәу, 2020 сағат 19:48

Халыққа әлеуметтік көмек беру үшін қызметкерлер күндіз-түні жұмыс істейді - Абаев

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев төтенше жағдай кезінде халыққа әлеуметтік қолдау көрсету механизмі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде аса ауқымды әлеуметтік көмек пакеті жүзеге асырылуда. Бұл мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақты бақылауында. Әрине, әзірге қорытынды шығаруға ерте, бірақ жалпы алғанда, аз уақытта жақсы нәтижелер байқалды. Қолдау көрсету санаты да өте кең күрестің алдыңғы шебінде тұрған медицина мамандары, бизнес, егін егуді бастаған аграрийлер, қиын жағдайда қалған азаматтар қамтылды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, қаражатты бюджеттен алып бере салу - жұмыстың басы ғана», - деді министр «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Оның айтуынша, қазір Үкіметте, Қаржы, Ұлттық экономика, Еңбек министрліктерінде, әкімдіктерде, Азаматтарға арналған үкіметте көптеген қызметкерлер көмекті бөлу механизмін реттеу үшін жұмыс істеп жатыр. 

«Осының барлығын есептеп, талаптарын белгілеу қажет, барлық жұмыста ашықтық болуы керек. Бұл адамдар күндіз-түні қашықтан немесе жұмыс орнында қызмет етіп жатыр. Бұл үшін оларға ешкім рахмет айтпайды, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде де олар туралы жазылмайды. Олардың барлығы бюрократиялық машина болып көрінуі мүмкін. Бірақ, олардың эпидемиямен күрестегі үлесі орасан. Әрине, қателіктер болуы мүмкін. Бірақ, осы ағаттықтар олардың бүкіл еңбегін жоққа шығарады», - деді Д. Абаев. 

Қазіргі уақытта 2,5 млн астам адам 110 млрд теңге болатын әлеуметтік төлем алған. 

«Күн сайын бұл цифрлар артып келеді. Осының барлығын есептеп, жүзеге асыру қажет. Біреулер 42 мың теңгенің аз екенін айтып жүр. Бірақ, көмек тек ақша түрінде келіп жатқан жоқ қой. Мәселен, 1 млн 200 мыңнан астам адам азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар түрінде көмек алған. 1 млн астам адамның несие төлеу мерзімі уақытша тоқтатылды. Оның ішінде 10 мың кәсіпкер бар. Қазіргі уақытта 16,5 мың медицина маманы үстемеақы алды. Яғни, барлық бағыт бойынша жұмыс жүріп жатыр», - деді Дәурен Абаев.