27 мам, 2021 сағат 18:03

Халықаралық төрелік орталығында 431 іс тіркелді


Әділет министрі Марат Бекетаев Астана халықаралық қаржы орталығында құрылған Халықаралық төрелік орталығына 431 даулы іс тіркелгенін мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Дүниежүзілік банк пен Әділет министрлігі «Дауларды шешу және алдын-алу тетіктерін жетілдіру» тақырыбында вебинар өткізіп жатыр. Аталмыш шарада сөз алған Әділет министрі Марат Бекетаев «Астана» қаржы орталығы өңірдегі инвестициялық дауларды шешуге белсенді атсалысып отырғанын атады. 

«Қазақстан отандық және шетелдік инвесторларға ең қолайлы жағдай жасауға дайын. «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру – соның дәлелі. АХҚО-ның жеке соты және халықаралық төрелік орталығы бар. Бұл орган ағылшын құқығының нормалары мен қағидаттарына негізделген Орталық Азиядағы тұңғыш жүйе екенін айту керек. Яғни, азаматтық және коммерциялық дауларды шешу үшін ең жоғары халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейді. Халықаралық төрелік орталығы сот талқылауларына тәуелсіз, үнемді және жылдам балама ұсынады. Бүгінгде орталыққа төрелік және делдалдық көмек сұраған 431 іс тіркелген. Біз озық халықаралық тәжірибе бойынша құқықтық базамызды жетілдіре түсеміз», - деді Әділет министрі. 

Вебинарға Дүниежүзілік банктің Қазақстан бойынша өңірлік менеджері Жан Франсуа Марто, Дүниежүзілік банктің вице-президенті, Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың бас хатшысы Мэг Киннер, Халықаралық инвестициялық және сауда құқығы профессоры Кай Хобер-Упсала, Вена университетінің Халықаралық және Еуропалық құқық профессоры Август Рейниш және басқа да сарапшылар қатысып жатыр. 

Марат Бекетаевтың сөзіне қарағанда, бұл – Қазақстандағы сот төрелігі секторын реформалауға арналған үшінші вебинар. 

«Бүгінгі сессияда дауларды шешудің балама қырлары талқыланады. Атап айтқанда, даулардың алдын алу, төрелік және медиация туралы сөз қозғаймыз. Қазақстан әрқашан дауларды шешудің ең жақсы тетіктерін қалыптастыруға және сақтауға ұмтылып келеді. 2016 жылы біз «Арбитраж туралы» Заң қабылдадық. Заңның ережелері 1985 жылғы Халықаралық сауда төрелігі туралы үлгілік заңға, 1958 жылы Нью-Йоркте қабылданған шетелдік төрелік шешімдерді тану және орындау туралы конвенцияға және 1961 жылғы Халықаралық төрелік туралы Еуропалық конвенцияға сәйкестендірілді», - деді ведомство басшысы.