02 мау, 2021 сағат 16:24

Халықаралық ІТ университетінің бұрынғы ректорының ісі бойынша үкім өзгерді


Алматы қалалық сотында Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің бұрынғы ректоры Дамир Шыныбеков пен бас есепші Жанайым Спабекованың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша апелляциялық шағым қарады. Олар сегіз жылға бас бостандығынан айырылған болатын, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Апелляциялық сатыдағы сот процестік шығындардың сомасын нақтылап, Дамир Шыныбековтің қамауда болған уақыты жазалау мерзіміне есептелетінін мәлім етті. 

«Сонымен қатар, айыптау актісінде, сотқа дейінгі тергеу органы Шыныбековтің мүлкі қылмыстық жолмен алынғанын көрсетпегендіктен, сот мүлікті тәркілемей, оны залалды өтеу есебінен мемлекет кірісіне аударды. Қалған бөлігінде үкім өзгеріссіз қалды. Қаулы заңды күшіне енді», - деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.

Еске салайық, 2020 жылдың 5 қазанында Халықаралық ІТ университетінің бұрынғы ректоры мен бас бухгалтері сегіз жылға бас бостандығынан айырылған болатын. 

Айта кетейік, оқу орнының бұрынғы ректоры Дамир Шыныбеков былтыр маусым айында қамалды. Сотталушы Д. Шыныбеков пен Ж.Спабековаға Қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-бөлімі 4- тармағымен 1,7 млрд теңге жымқырды деген айып тағылды.