Көміртектік бейтараптық жөніндегі жаһандық саясат 2030 жылға қарай мұнай бағасының барреліне $36-ға дейін және 2050 жылға қарай барреліне $24-ға дейін төмендеуіне әкеледі. Бұл туралы Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) World Energy Outlook 2021 баяндамасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Алайда, болжамның басқа сценарийлері бойынша, мұнай бағасының динамикасы басқаша болады. ХЭА өз баяндамасында әлемдік энергетиканы дамытудың үш негізгі сценарийіне сүйенген, олардың әрқайсысы климаттық реформалардың ауқымымен ерекшеленеді. Мұнай бағасының барреліне 24 АҚШ долларына дейін төмендеуі Net Zero Emissions (NZE) сценарийі кезінде болуы мүмкін. ХЭА мұндай стратегияны жүзеге асыру кезінде әлемге жаңа мұнай мен газ кен орындары қажет болмайтынын түсіндіреді.
Алайда, баяндамадағы тағы екі сценарий ағымдағы баға дәлізінің 2050 жылға дейін сақталуын немесе тіпті олардың өсуін болжайды. Осылайша, әлемде көміртексіздендіру бойынша барлық мақсаттарға қол жеткізілетін Announced Pledges Scenario (APS) сценарийінде мұнайдың орташа бағасы 2030 жылға қарай барреліне 67 АҚШ долларын, ал 2050 жылға қарай барреліне 64 АҚШ долларын құрайды. Stated Policies Scenario (STEPS) бірқалыпты болжамы бойынша, үкіметтер консервативті стратегияларды ұстанатын болады және 2050 жылға қарай барлық қойылған климаттық мақсаттарға қол жеткізілмейді, мұнай бағасы барреліне 60-90 АҚШ доллары дәлізінде өзгеріп отырады.
Экономиканы көміртексіздендірудің ең қатаң сценарийлерінде Ресей мен ОПЕК елдерінің әлемдік мұнай өндірудегі үлесі қазіргі 40% -бен салыстырғанда кем дегенде 60% құрайды, делінген аталған құжатта.