13 ақп, 2020 сағат 12:58

Халық санағы техникалық себептерге байланысты бір жылға шегерілді - комитет

Ұлттық халық санағын жүргізу техникалық себептерге байланысты бір жылға шегерілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бастапқыда Ұлттық халық санағы 2019 жылы өтуі керек деп жоспарланған, бірақ техникалық мәселелерге байланысты ақпараттық жүйені жасап үлгермедік. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу мәселесін шешуге, ұйымдастыру жұмыстарына қатысты сұрақтарды шешіп үлгермегендіктен, бір жыл кейінге шегердік», - дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов.

Еске салсақ, биыл қазан айында Ұлттық халық санағы өтеді, ол екі кезеңнен тұрады. Санақты өткізуге бюджеттен 8,2 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, биылғы халық санағында қағаз қолданылмайды.