Фото: elements.envato.com
Бүгін Мәжілісте депутаттар «Халықтың табысын 2029 жылға дейін арттыру бағдарламасының» кешенді жоспарын талқылады, деп хабарлады Halyq Uni сайты.
Депутат Ерлан Саиров тұрғындардың жағдайын, әл-ауқатын жалпы ішкі өніммен өлшеу орынсыз деп есептейді.
"Халық сену үшін ең бірінші біздің сөзіміз бен базардағы баға сәйкес келуі керек. Менің ойымша, осындай кездесудің алдында Үкімет мүшелері міндетті түрде базарға барып шыққаны жөн. Бүгінде Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 3,2%-ға өсті деп айтасыздар. Бірақ еліміздегі инфляция 20%-ға өсті ғой. Қырғызстанда инфляция – 14%. Өзбекстанда – 12%, Ресейде – 11%", - деді Саиров Мәжілісте өткен жиында.
Депутат халықтың табысы төмендегенін моншадан да байқауға болатынын атап өтті.
«Мен «Артем» базары мен Small дүкеніне барамын. Адамдар күнделікті тұтынатын нан, май, макарон, күріш 80%-ға қымбаттады. Осыны біз неге айтпаймыз? Жігіттер, мен «Керемет» деген моншаға барамын. Қазір халық жетісіне бір емес, 2 аптада бір рет моншаға баратын болған. Өйткені халықтың табысы төмендеп кетті. Әріптестер, бүгінгі индкаторларды өзгерту керек. Сіздердің (Ұлттық экономика министрлігі) индикаторларыңыз дұрыс емес. Ішкі жалпы өнім Қазақстан хақының әл-ауқатының индикаторы бола алмайды. Негізгі индикатор – үй шаруашылықтарының табысы», - деді ол.