Соңғы апталарда балалар арасында коронавирус жұқтыру жағдайларының саны артты. Бұл туралы «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы Риза Боранбаева айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сәуір айының басынан бері 2 940 бала ауырып қалды. Бұл - 2 сәуірден басталатын мәліметтер. Ал қазіргі уақытта коронавирус инфекциясы диагнозымен 275 бала тіркелді. Оның 41-і ауруханаға жатқызылды. Қалғаны үйде емделіп жатыр. Соңғы апталарда балаларда коронавирус ауруының өсуі байқалады», - деді Риза Боранбаева.
Оның пікірінше, ауру санының өсуін кезекші сыныптармен байланыстыруға болмайды.
«Себебі, науқас 275 баланың 182-сі – мектеп оқушысы болса, 15-і – балабақшаға барған балалар. Оның ішінде 62 бала кезекші сыныптарда оқыды, сәйкесінше 120 бала қашықтан оқыған. Яғни, кезекші сыныптарда оқитын балалар ғана емес, қашықтан оқитын балалар да ауырып жатыр. Сонымен бірге, олардың арасында мектеп жасына жетпеген балалар да бар», - деп түсіндірді дәрігер.
Сондай-ақ, дәрігер балалардың коронавирус инфекциясының ауыр формасымен ересектерге қарағанда сирек ауыратынын еске салды.
«Балалар арасындағы аурудың өз ерекшеліктері болады, көп жағдайда балалар симптомсыз немесе жеңіл түрде ауырады. Мәселен, қазір балалардың 86% симптомсыз немесе жеңіл формада ауырып жатыр. Ауыр сырқат түрлері балалардың жасында өте сирек – оған негізінен созылмалы патологиясы бар балалар ғана шалдығады», - деп қорытындылады Риза Боранбаева.
Айта кетейік, өткен тәулікте коронавирус инфекциясы белгілері бар пневмонияның 10 жағдайы және 1 өлім жағдайы тіркелді. Оған қоса 17 адам емделіп шықты.
1 тамыздан бергі статистика: ауырғандар - 36 931, 395 өлім жағдайы тіркелді, ал жазылып шыққандардың саны 28 548 жетті.