23 қаз, 2025 сағат 12:42

"Кейіпкержанды" актриса

ведите код видео

Осыдан 8 жыл бұрын Алматыдан Астанаға жол тартып бара жатқан жүрдек пойыз ішінде жүрегі толқыныстан лүпілдеп тұрған, ойында «өнерге» деген ыстық махаббаты бар Инабат Ризабекова атты  студент қыз кетіп бара жатыр еді. Балаң көңіл, сахнаға деген ұмтылыс, жарқын көзқарас Инабаттың бойында бар.  Инабаттың Алатаудан Елордаға сапар шегуіннің өзіндік мақсаты бар еді...

Ол мақсаты  ашылғанына бір жыл толған «Astana Musical» театрында жаңадан сахналанайын деп жатқан Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» этно-фолклорлық мюзиклінде Жібек бейнесінің кастингіне қатысу болатын.


Инабат Астана қаласына келісімен бірден театрға келіп, аталмыш рөлге бақ сынайды. Сыннан сүрінбей өтіп, Қыз Жібек образына бекітіледі. Алғашқы дайындық кездерінде қаһарманның бағытын табу, оның басқа қыздардан ерекшеліктерін анықтау, рөлді өзгешелеп шығару Инабат үшін қиынға соққаны рас. Бірақ, шегінерге жол жоқ, режиссердің сенімін ақтау керек. Көрермен алдына жаңаша Жібек шығу керек.


Осындай ойда жүрген Инабатқа ҚР еңбек сіңірген қайраткері, өзі де, Қыз Жібек бейнесін нұсқалаған актриса Айнұр Бермұхамеддова көмекке келіп, өз ақыл-кеңесін білдіреді. Бұл Инабатқа үлкен септігін тигізді. Дайындықты қазақтың Төлегені мен Қыз Жібегі Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова келіп тамашалап, Оразалы Игілік пен  (Төлеген) Инабат Ризабековаға (Жібек) ақ батасын береді. Қазақ өнерінің корифейлерінің ақ батасы жас актриса Инабатқа үлкен күш берді.


Инабат- Жібек – ақылды, ибалы, парасатты, сөзге шешен, дәстүрді қадірлей білетін қыз. Ол өз бақыты мен махаббатына адал. Төлегенге деген сүйіспеншілігі арқылы әйел затының нәзік те қайсар болмысын көрсетеді. Қыз Жібек рөлі Инабатқа құтты кейіпкер болды. Аталған бейнесі арқылы көрерменге танылды, өмірлік жұбың тапты, перзентінің есімін Жібек деп қойды. Қазақ театрында тұңғыш Қыз Жібек бейнесін кескіндеген Күләш Байсейітова болатын. Ал араға қаншама жылдар салып, телеэкран алдында «Жел үстіндегі вальс» хикаясында Күләш Байсейтованы Инабат Ризабекова кейіптеді. Бұл Алланың құдіреті ғой. Инабат тек театр сахнасында ғана  емес, сондай-ақ, кинематография саласында да, жолы болды. Көгілдір экран алдында қазақтың маңдай алды қыздарын кейіптеді. Айтар болсақ, Аққағаз Досжанова, Күләш Байсейітова, Мұғалім Майқанова. Айтылған жандардың барлығы Инабаттың оң жамбасына келді. 



Инабат Ризабекова Астана музыкалық жас көрермендер театрының негізін салушылардың бірі. Театр репертуарындағы басты кейіпкерлерді нұсқалап жүр. Инабат-кейіпкержанды актриса. Ол сахнада кейіпкерімен өмір сүреді, тағдырын кешеді. Сахнада өзің де, көрерменді де, ұмыттыратын, кейіпкерімен баурайтын өнер иесі. Бүгінгі таңда халық арасына кең таралып, көрермен қошеметіне бөленген Д.Исабековтің «Гаухартас» музыкалық драмасындағы Салтанат-Инабатты театр арқылы жұртшылыққа танытты. Инабат-Салтанат-бір үйді ғана емес,  күллі ауылға береке кіргізген, түскен шаңырағына шаттық сыйлаған кейіпкер. Инабаттың нұсқалауындағы Салтанат-тек сыртқы келбеті ғана емес, жаны да. болмысы да, сұлу қазақтың аяулы келіні. Инабат-Салтанаттың трагедиясын көрерменге жете ұғындырады. Салтанаттың тағдырын тамашалаған өнер сүйер қауымның жүрегінде бір-бір Салтанат жатыр. Ол олардың құрбылары, аналары я болмаса жақын адамдары. Инабат сомдауындағы Салтанат бейнесі –  ең басты әрі терең психологиялық кейіпкерлердің бірі. Ол – қазақ әйелінің жаңа дәуірдегі, рухани ізденіс пен сезім арпалысындағы күрделі тұлғасын бейнелейтін кейіпкер. Инабаттың актерлік шеберлігі осыны айқындайды. Инабаттың алдағы шығармашылығына сәтіллік тілейміз!


Бахтияр Тұрсын
Театртанушы
Фотолар: Бахтияр Тұрсыннан