10 нау, 2022 сағат 20:16

Кейінгі 5 жылда айлық алатындардың саны кеміп, жәрдемақы алатындардың саны артқан - сарапшы


«Экономикалық зерттеулер институты» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Бауыржан Мұқан халықтың табысын арттыру бағдарламасының маңызы мен басым бағыттары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл халықтың ақшалай табысын көтеруге байланысты тұңғыш қабылданған бағдарлама деп есептеуіміз керек. Себебі біздің қазіргі халықтың табыс деңгейі түсті деп есептесе болады. Бұл жерде атаулы номиналды табыспен нақты ақшалай табыстың ара жігін ажыратып алуымыз керек. Номиналды немесе атаулы табыс инфляцияны ескермей есептеледі. Инфляцияны ескеріп есептесек, біздің инфляцияны ескергендегі нақты ақшалай табыс деңгейі 3,1 пайыз болды. Ең жақсы көрсеткіш 2011 жылы болған – 8,7 пайыз. 2019 жылы бұл көрсеткіш 6,4 пайыз еді. Ең басты себеп – елдегі экономикалық өсімнің төмендеуі және инфляциялық көрсеткіштердің артуы. Егер 2020 жылы инфляция 7,5 пайыз болса, 2021 жылы 8,4 пайызды құраған. Демек, осы жағдайдың себебінен біздің ақшалай табысымыз түсті», - дейді сарапшы. 

Экономикалық зерттеулер институтының директоры кейінгі жылдары ел табысындағы еңбекақының үлесі азайғаны да алаңдайтын мәселе екенін айтады.

«2015 жылы халықтың ақшалай табысының ішіндегі еңбекақының үлесі 80 пайыз болған. Қазір сол үлес 60,5 пайызға дейін түсті. Ал әлеуметтік трансферт 2015 жылы 16,6 пайыз болған. Қазіргі таңда, 2021 жылдың үшінші тоқсанымен есептегенде 25 пайызға дейін көтерілді. Бұл таза ақшалай табысты еңбекпен тауып жатқан адамдардың өсімі төмендеді деген сөз. Бұл мемлекет бюджетіне қосымша жүктеме артады.

Жалпы бізде 8,8 млн адам жалдамалы жұмыс істейді. Соның 42,5 пайызын білім, ауыл шаруашылығы салаларындағы қызметкерлер құрайды. Сонда олардың еңбекақысы республикалық орта деңгейлі көрсеткіштен 21,1 пайыз төмен. Әлеуметтануда «жұмысы бар кедейлер» дейтін санат бар. Жалпы еңбекақысы 42 мың мен 100 мың теңгенің арасындағы жұмыста істейтін адамдар осы санатқа жатады. Олардың үлесі – 32,7 пайыз. Осы обьективті факторлардың бәрін ескеріп, мемлекет халықтың ақшалай табысын жоғарылатуға байланысты бүгінгідей қадамға барып отыр», - дейді зерттеуші.

Маман Президенттің халықтың ақшалай табысын арттыру бағдарламасын дайындау туралы тапсырмасы дер кезінде берілді деп есептейді.

Жалпы аталған бағдарлама 4 бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – халықтың еңбекпен тапқан табысын көтеру. Екіншісі – ауқымды жұмыспен қамтуды дамыту арқылы халықтың табысын арттыру. Үшіншісі – табыстың төлем қабілетін қорғау. Төртіншісі – ақпараттық түсіндіру жұмыстары. 

«Бірінші бағыт бойынша жалданып жұмыс істейтін адамдардың еңбекақысы мен еңбек өнімділігін көтеру көзделіп отыр. Соның аясында өндірістік машықтарды дамыту қолға алынады. Былтырдан бері мемлекеттік жоспарлау жүйесіне өзгеріс енгізілді. Сол бойынша 9 ұлттық жоба қабылданды. Сол 9 бағдарламадағы жобалар бойынша 2 млн жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Кез келген табыстың көлемі еңбек өнімділігі арқылы артады. Еңбек өнімділігінің өсу қарқыны Қазақстанда еңбекақының өсу қарқынынан төмен. Сондықтан бағдарламада бұл мәселе де қаралған. Нақтырақ айтсақ, өңдеу өнеркәсібіндегі технологиялық деңгейі жоғары, экспортқа, импортқа бағытталған жобалардың тиімділігін арттыруға қосымша қаражат бөлінеді. Ол «Қазақстан даму банкі» және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы іске асады. Яғни еңбек өнімділігі жоғары 23 мың жұмыс орны қалыптасады», - дейді Бауыржан Мұқан.

Сарапшының сөзіне қарағанда, бағдарламада ауылдық жерлерде жұмыспен қамту шаралары көзделген.

«Өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын, жеке бизнесті дамытуға байланысты жеке қосалқы шаруашылықтар мен сауда орындарының арасындағы делдалдарды қысқартуға бағытталған шаралар қолға алынады. Бұл істе Жамбыл облысының тәжірибесі басқа өңірлерге таратылады. Ауылдағы жұмыссыздарды аграрлық құзыреттерге оқыту да көзделіп отыр. Өткізу кооперациялары жандандырылады. Суармалы жерлерді дамыту арқылы жұмыс орындарын көбейту жобасы және бар. Осылардың бәрінің көмегімен ауылдарда 50 мың жанұялық бизнес нысанын құру жоспарланып отыр. 

Өңірлерде инженерлік-инфрақұрылымдық нысандар күрделі жөндеуден өтеді. Қосымша қаражат та бекітілген. Соған сәйкес жұмыс орындарының саны артады.

Сондай-ақ микро және шағын кәсіпорындардың орта бизнес деңгейіне көшуін ынталандыру шаралары іске асады. Шағын және орта бизнесті жергілікті бюджет есебінен қолдау бойынша жеке бағыт жүргізіледі», - деді институты директоры.

Сондай-ақ, ол халық табысының төлем қабілетін арттыру бағыты бойынша азық-түлік қауіпсіздігі туралы да айтып өтті. 

«Бұл жерде импортқа тәуелділікті азайту үшін отандық өндірісті дамытуға басымды берілгелі отыр. Қазір ипортқа қаншалықты тәуелдіміз, импорталатын тауардың қаншасын өзімізде өндіре аламыз деген сияқты есеп жоқ. Сондай талдаудың алгоритмі әзіреленеді. 

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тапшылығын болдырмауға жіті бақылау енгізіледі. Мысалы, көмір теміржол тұйығынан халыққа дейін жеткенше делдалдар бағаны бірнеше рет көтереді. Осыны болдырмау үшін «iKomek», «Индрайвер» сияқты бағдарлама әзірленеді. Ақпараттық түсіндіру жұмыстарының басты қағидасы халыққа балық бермей, қармақ беруге бағытталады», - деді Бауыржан Мұқан.