29 сәу, 2023 сағат 10:10

Кентауда ер адам аулада ойнап жүрген қызды ұрып-соққан

Фото: © instagram/kris.p.kentau.official

Түркістан облысының Кентау қаласы полицейлері жасөспірімді ұрған ер адамды анықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

"26 сәуір сағат 23:15 шамасында Кентау қалалық полиция бөліміне ауруханадан жасөспірім қыздың дене жарақатымен түскені туралы хабарлама келді.

Тексеру барысында, сағат 20:30 шамасында аулада ойнап жүрген қызды белгісіз біреу себепсіз ұрғаны анықталды. Оқиға болған сәтте түсірілген бейнежазба анықталды. Оның негізінде күдіктінің жеке басы белгілі болды. Ер адам полиция бөліміне жеткізілді. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты", - делінген хабарламада.

Бұл жайт ҚР ҚК-нің 293-бабы 1-бөлігі "бұзақылық" бойынша тіркелген. Қазіргі уақытта қылмыстық құқық бұзушылық ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі, 120-бабы 4-бөлігі бойынша қайта сараланған.

Күдікті қамауға алынып, бірқатар сараптама тағайындалды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.

Жәбірленушінің жағдайы бірқалыпты. Қылмыстық іс Түркістан облысы ПД басшылығының бақылауында.