Астана қаласы мұрағатының енді бір тілге тиек етерлік бастамасы шет елдерден әкелінген құжаттармен өз қорын толықтыруы.
Үлкен мегаполиске айналып келе жатқан бас шаһарда екі мұрағат бар. Ұлттық мұрағат және қалалық мұрағат. Атаулары айтып тұрғандай, бұлар мұра етіп қалдырылған қағаздарды жинайтын мекемелер. Құнды деген құжаттар мұрағаттарда 75 жылға дейін сақталады.
Алайда техникадан ақау кетіп, дискіге жазылған мәтіндердің жойылып кету қауіпін де естен шығармаған абзал. Бұл орайда мұрағат қызметінің тағы бір маңызды саласы өз қызметіне кіріседі. Ол – құжаттарды сақтандыру қоры. Біраз жылдан бері аталмыш қор мұрағат ісіне жемісті еңбек етуде. Астана қаласы мұрағатының енді бір тілге тиек етерлік бастамасы шет елдерден әкелінген құжаттармен өз қорын толықтыруы. Мұрағаттар арасындағы өзара ықпалдастық арқасында Ресей Федерациясының Омбы және Орынбор қалалары мұрағаттарының қорында сақталған қазақ тарихына қатысты түпнұсқа құқығындағы құжаттардың көшірмелері бұл күнде еліміздің ізденушілері мен зерттеушілеріне пайдалы деректер беріп отыр.
Олардың ішінен Орынбор губерниясының канцеляриясында 1745 жылы Барақ сұлтанның Ресей империясына адал қызмет етуге қабылдаған анты туралы мәліметті [1], Орынбор губернаторы генерал-поручик Рейнсдорфтың 1779 жылдың 24 қыркүйегінде императрицаның жарлығымен Әулие Петр бекінісінде Абылай сұлтанға хан мәртебесін беру туралы рапорты [2] секілді құнды құжаттарды атауға болады. Атақты «Сібір жарлығынан» кейін Сібір уездеріне бөлшектелген қазақ даласының жәй-жапсары баяндалған қағаздар қазір өз мұрағатымыздың сөрелеріне қатталған. Мәселен 1842 жылдың 15 мамырынан бастап Қарқаралы мен Ақмола уездерінде, сол сияқты 1 қазаннан бастап Аягөз, Көкшетау уездерінде тұрақты жәрмеңкелердің бекітілгені жөніндегі құжаттар тарихшыларды ғана қызықтырып қоймайды [3]. Өйткені бұл құжаттар ұлттық мұрағат қорын толықтырушы элементтер.
Бұл секілді сирек тарихи құжаттар мұрағаттың № 430-шы қорының бірнеше тізімдемесінде сақталуда. Мәселен 6-шы тізімдеменің 8 ісіндегі хатта 1841 жылы Сібір шекарасындағы казак отрядтарының қырғыздарға (қазақтарға) көрсеткен жәбірі туралы мәселе жазылған. Онда Есіл-Нұра бойы қазақтарының мал-жан шығынын Орынбор шекара комиссиясына баяндайды [4]. Мұрағаттың дәл осы қорында сақталған келесі құжат Кенесары Қасымұлымен арада болған қақтығыс және бүлікші Кенесары Қасымов сұлтанды ұстап алып жазалау туралы Орынбор өлкесінің Бас әскери штабының №1184 ісі [5].
Осы антикварлы құжаттардың арасынан ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басындағы Императорлық Қазан университетінде білім алған қазақ студенттерінің жеке істерін кездестіруге болады. Университеттің кітапханасына Жәңгірханның парсы тіліндегі үш сирек қолжазбаны сыйға тартқаны жөніндегі және кітапханашының оларды қабылдап алғаны туралы жазбалар 1845 жылдың 20 наурызы күнгі датамен тіркелген [6]. Торғай облысының әскери губернаторының қырғыз тіліндегі мәтіндер үшін орыс алфавитін енгізу жөніндегі хаты да осы құжаттардың қатарынан орын алған. Тағы бір атап өтерлік мәселе, Ресей мұрағаттарынан әкелінген бұл құжаттардың басым бөлігі көне славян тілінде болса, Татарстан мен Башқұртстаннан жеткізілген құжаттардың дені шағатай, араб тілдерінде жазылған. Омбы мұрағатында сақталған 1822 жылғы «О Сибирских киргизах» Жарғысы бұратана халықтарға арналған жалпы құжаттың қосымшасы екендігі [7] көрсетілген.
Ресеймен шектескен аумақты мекендеген жергілікті халық үшін арнайы қабылданған бұл заңдарда ауылды старшындар, ал болысты сұлтандар басқаратыны және сотқа билер төрелік ететіні жазылады. Аға сұлтандар округке үш жылдық мерзімге сайланады және оларға ресей шені беріледі. Сібір қырғыздары (қазақтары) туралы осы жарғының 52 бөлімінде егер аға сұлтан Ресей империясына қатарынан үш мерзім қызмет етсе дворянин дипломына лайықты деп көрсетілген. Ұлы дала елінің орыспен шектескен аймағында өзіндік ерекшеліктер мен заңдылықтар төрелік еткен. Сол дәуірдегі қазақ қоғамының жоғарғы сословиесін сұлтандар құрағандықтан империя билігі оларға оң көзімен қарағанын құжаттар дәлелдейді. Орынбор өлкентанушысы капитан Рычковтың 1826 жылғы «Султаны киргизские» атты жазбасында да қазақ даласының сұлтандары жайлы көп мәліметтерді кездестіруге болады. Өйткені аға сұлтандар жергілікті халықтың әкімшілікке жауапты уәкілі қызметін атқарды. Округтің барлық ісі Приказ арқылы жүргізілді.
Приказдың әскери экспедиция жасақтауға құқы болмағанмен қарапайым полиция жасағына пәрмені бар еді. Бұл орган халық санағын да жүргізді. Бірақ осы құжатта: «Ведет народную перепись по числу кибиток и проверяет оную через каждые три года.» деп [8] жазылған. Адам басын емес, үй санының көрсеткіші беріледі, онда да үш жылда бір рет. Округтердің өзара шектесетін аймақтарының заңдылықтары белгіленген бөлімде көшпелі халыққа бөтен округтің жеріне қоныстануға тыйым салынғаны [9] баяндалады. Сондай-ақ шекаралар қатаң бақылауда болған және Омбы облысының шегінен асқандарға айып төлеткен немесе сотқа тартқан. 10 тарау, 321 пункттен тұратын жарғыда шен, шекара мәселесінен бөлек шаруашылық, салық, сауда, сот істері, медицина, оқу-ағарту, қайырымдылық үйлері мәселелері таратылған. Бір округке бөлінген штат және жалақы мөлшері, қазыналық шығындардың кестесі секілді экономикалық көрсеткішер орын алған. Құжаттың қортынды бөлімінде алдағы уақытта қазақ даласына жаңа құрылыс енгізілген соң бұл секілді округтің саны сегізге жететіні және оларды ішкі басқарудың жылдық шығыны 248 000 рубльді құрайтыны айтылады. Ұлы дала тарихынан сыр шертетін екі ғасырдан артық сақталып келген бұл көне құжаттар көп мәліметтерді қойнына бүгіп жатыр.
1 АқМ (430қ. 17т. 2 іс)
2 АқМ (430қ.21т. 12 іс)
3 АқМ (430қ.6т. 6 бөлім. 5 іс)
4 АқМ (430қ.1т. 2 бөлім. 8 іс)
5 АқМ (430қ.1т. 4 бөлім 40 іс)
6 АқМ (430қ.13т.1 іс)
7 АқМ (430қ. 1т. 2 бөлім 1 іс)
8 Бұл да сонда 9 Бұл да сонда.
Шара Батталғазиева, Астана қаласы мұрағатының қызметкері
© e-history.kz